Accessibility links

Шымкенттегі сот журналист Батырбековтің тілші Әссандидің үстінен түсірген шағымын қарауды тоқтатты


Журналист Амангелді Батырбеков.

11 қараша күні Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық соты "Сарыағаш-инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековтің журналист Әсет Әссандидің үстінен түсірген "Қорлау" бабы бойынша шағымын қарауды тоқтатты. Судья Әссандидің қылмыстық әрекетінің уақыты ескірді деп тапты. Бұл туралы онлайн режимде өткен сот отырысына қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Сот отырысына жәбірленуші Амангелді Батырбеков пен айыпталушы Әсет Әссандидің адвокаты Орысбай Дәуренбаев қатысты. Айыпталушының өзі сот отырысына қатыспау туралы арыз жазғаны айтылды. Істі судья Еркебұлан Төлешов қарады.

Батырбеков Әссандиді Facebook парақшасында жазба жариялап ар-намысы мен қадір-қасиетіме тиді деп Қылмыстық кодекстің "Қорлау" бабы бойынша сотқа берген. Өткен отырыстардың бірінде судья Әссандидің желідегі жазбасын сараптамаға жіберген. 11 қарашадағы сот отырысында Әссандидің парақшасындағы жазбаға жасалған судья Төлешов психо-филалогиялық сараптама қорытындысын оқыды.

- Зерттеуге ұсынылған Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған Әсет Әссанди жазбасы белгілі бір тұлғаның, яғни Батырбековтің ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде қорлау сипатындағы сөздер бар, - деді ол.

Сараптама қорытындысын оқыған соң айыпталушының адвокаты Орысбай Дәуренбаев талап-тілек түсіріп, қорғауындағы Әссандидің "қылмыстық теріс қылықты жасағанына" бір жылдан аса уақыт өтуіне, яғни ескіруіне байланысты заңға сай қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұл талап-тілекті айыпталушы Әссанди сот кеңсесіне де өткізген.

Судья талап-тілекке байланысты қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне барып келіп: "Қылмыстық кодекстің 131-бабының 2-бөлігімен ("Қорлау" бабы) айыпталған сотталушы Әсет Әссандиге қатысты қылмыстық іс мерзімінің өтуіне байланысты тоқтатылсын. Әссанди қылмыстық жауаптан босатылсын" деді.

Судьяның айтуынша, Батырбеков жеке шағымында Әссандидің парақшасында 2019 жылдың 23-24 қыркүйекте жазылған сөздерге баға беруді сұраған. Одан кейін бір жыл екі ай уақыт өткен.

Қылмыстық кодекстің 71-бабына сай, қылмыстық теріс қылық жасалған уақыттан бір жыл өтсе, сотталушының талап-тілегімен сот істі тоқтата алады.

2019 жылдың 23 қыркүйегінде Сарыағаш аудандық соты Батырбековті "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға соттаған. Журналисттің үстінен Келес аудандық білім бөлімінің басшысы Бахтияр Абдиев арызданған. 2020 жылдың қаңтар айында Түркістан облыстық соты аудандық соттың үкімін жойып, Амангелді Батырбековті ақтап, кешірім сұраған.

Батырбековтің айтуынша, өзі сот залынан қамауға алынған соң Әсет Әссанди Facebook парақшасына арамтамақ, қаңғып келген қаңғыбас, жексұрын деп жазған.

Бұған дейін халықаралық ұйымдар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігін қамауда отырған журналист Батырбековті босатуды шақырған. Мәселен, Халықаралық "Шекарасыз тілшілер" ұйымы (RSF)мен "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Нұр-Сұлтаннан Батырбековты дереу босатып, оған тағылған барлық айыпты алып тастауды сұраған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG