Accessibility links

АҚШ: Дауыстардың 70 пайызы саналғаннан кейін Аляскада Трамптың жеңгені хабарланды


АҚШ президенті Дональд Трамп.
АҚШ президенті Дональд Трамп.

АҚШ-тың Аляска штатында бюллетеньдердің басым бөлігі саналғаннан кейін ол жақта қазіргі Ақ үй жетекшісі Дональд Трамптың алға шыққаны хабарланды.

Америкада президент сайлауы өткеннен кейін 8 күннен соң америкалық БАҚ осындай қорытынды жасады. Трамптың Аляскада жеңетінін сарапшылар осыған дейін де болжаған. Америкадағы ең ірі әрі халық тығыздығы аз штаттағы жеңісін қосқанда Трамп сайлаушылар алқасының 217 дауысына ие болады. Бірақ қарсыласы, демократ Джо Байденнен бәрібір айтарлықтай артта келеді. Қазір Байденде 279 дауыс бар. Ол президент ретінде сайлану үшін қажет межеден (270 дауыс) өте алған.

Барак Обама әкімшілігі тұсында вице-президент болған Байден Аризона мен Джорджия штаттарында да алда келеді. Ол жақта дауыс санау толық аяқталған жоқ. Джорджия 14 мың дауыс айырмашылығы үшін барлық бюллетеньдерді қайтадан қолмен санап шығуға дайындалып жатыр. Дауыс санау толық бітпеген Солтүстік Каролинада Трамп алда келеді.

Конгресс сайлауының нәтижесі бойынша, Аляскада сенатор Дэн Салливан жеңіске жетіп, соның арқасында республикашылдар сенаттағы 100 орынның жартысын иеленген. Қазір демократтар сенаттағы 48 орынға ие, бірақ қалған екі орынға кімдер отыратыны белгісіз, себебі Джорджия штатында кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздан артық дауыс жинай алмаған. Онда қаңтар айында сайлаудың екінші туры өтеді.

Президент сайлауының ресми қорытындысы әлі шықпағанмен Америка ақпарат құралдары Байден жеңіске жетті деп болжаған. Көптеген әлем басшылары Байденді құттықтап та үлгерді.

Трамп сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартты. Оның сайлау штабы және бірқатар республикашылдар сайлау нәтижесі ауытқып тұрған штаттарда сотқа арыз түсірген. Бірақ соттардың басым бөлігі арыздарын кері қайтарған. Олардың айтуынша, штаб өкілдерінде дауыс ұрланғаны немесе сайлау нәтижесінің бұрмаланғаны жайлы айғақ жоқ.

Ал Джо Байден және оның командасы федералдық үкіметті бақылауға алу дайындығына көшіп кетті.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG