Accessibility links

Оралда белсенді бақылаушылар ұйымын тіркеуден бас тартқан әділет департаментімен соттасып жатыр


Орал соты.
Орал соты.

Оралда Батыс Қазақстан облысы әділет департаментінің әрекетіне шағымданған азаматтық белсенді Бекнұр Сыражановтың арызы бойынша сот процесі басталды. Шағым түсіруші әділет департаментінің "Жария" атты тәуелсіз бақылаушылар бірлестігін тіркеуден бірнеше рет бас тартқаны жайлы шешімін заңсыз деп тануды сұрап отыр. Сыражановтың сөзіне қарағанда, ол үкіметтік емес ұйымды тіркеу үшін 11 рет өтініш берген — ешқайсысы қанағаттандырылмаған.

— Былтырғы президент сайлауынан кейін біз, тәуелсіз бақылаушылар, жиын өткіздік. Қоғамдық бірлестік құрайық деп әділет департаментіне құжаттарымызды тапсырғанбыз. Бірақ ол жақта бізді ылғи кері қайтара берді. Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы құжат өткіземіз, 15 күннен кейін жауабы келеді. Қайта-қайта бас тарта бергеннен кейін сотқа берейік деп ойладық, — дейді Бекнұр Сыражанов.

Шағыммен келіспей отырған жауапкер жақ соттан өтінішті қанағаттандырмауды сұрады. Әділет департаменті өкілдері Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.

Алғашқы сот отырысында әділет департаментінің "ұйым жарғысында қайшылықтар болғандықтан тіркеуден бас тартқаны" белгілі болды.

— Қоғамдық бірлестік жарғысында ұйым құрылымы, бөлімшелері және өкілдіктері мен аумағы көрсетілмегендіктен шағым берушінің өтініші қанағаттандырылмаған. Екіншіден, бірлестіктің қаржы көзі, мүліктерін қайдан алғаны, құрылым бөлімшелерінің құқықтары көрсетілмеген, — деді іс материалдарынан үзінді оқыған судья Алтынай Сәулембекова.

Ал Бекнұр Сыражанов ұйымды "саяси себеппен" тіркемей отыр деп санайды.

— Алдағы парламент сайлауына қатысып, дауыс беру барысын бақылайды деп бізді тіркегісі келмей отыр. Бұл оларға керек емес қой, — дейді Бекнұр Сыражанов.

Келесі сот отырысы үш аптадан кейін болады. Судья тамыз айында өткен қоғамдық бірлестік жиынының өту барысын, қанша адам қатысқанын, қай аумақта өткізілгенін анықтауға уақыт берді. Судья Сәулембекова сол кезде күшінде болған бас санитар дәрігердің коронавирусқа байланысты шығарған қаулысы бұзылған жоқ па деген мәселені де анықтау керек деді.

Бекнұр Сыражанов - Оралдағы бейбіт акцияларға белсене қатысып жүрген тұрғындардың бірі. Былтыр кезектен тыс президент сайлауы кезінде (ЕҚЫҰ сайлау кезінде көптеген заңбұзушылықтар тіркелгенін айтқан - ред.) бақылаушы болған. Ол кезде жергілікті бақылаушылар бюллетеньдерді топтап салу сияқты өрескел заңбұзушылық фактілері жайлы хабарлаған болатын. Бұған қоса, дауыс санауды бақылау процесіне кедергі келтірген сайлау комиссиясы мүшелерінің әрекетіне де шағымданған. Ал билік "сайлау әділ өтті" деп мәлімдеген. Батыс бақылаушылары Қазақстанда өткен сайлаулардың барлығына әділ өтпеді деп баға берген.

Елде парламент сайлауы 10 қаңтарда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG