Accessibility links

Қытай Джо Байденді жеңісімен құттықтады, Ресей әзірге асықпайды


Ван Венбин.
Ван Венбин.

Қытай АҚШ-тағы президент сайлауының жеңімпазы атанған Джо Байденді жеңісімен құттықтады. Пекин Байденді сайлау жеңімпазы ретінде танылғаннан кейін шамамен бір апта өткен соң құттықтап отыр. Ал Ресей ресми қорытындыны күтіп отыр.

“Біз Америка халқының таңдауын құрметтейміз. Байден мырза мен Харрис ханымды (жаңадан сайланған вице-президент - ред.) құттықтаймыз. АҚШ сайлауының нәтижесі АҚШ заңы мен тәртібіне сәйкес анықталатынын түсінеміз” деді Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ван Венбин 13 қараша күнгі баспасөз жиыны кезінде.

Қытай осыған дейін Байденді құттықтамаған Ресей, Мексика сияқты санаулы алып мемлекеттердің қатарында болған еді.

Сайлауда жеңілгенін мойындамаған Трамп кейбір штаттарда “заңсыздықтар болмағанда жеңетін едім" деп мәлімдеген. Бірақ қазіргі президент пен жақтастары оған ешқандай дәлел-айғақ келтірмеген. Олардың арыздарын соттардың басым бөлігі кері қайтарған.

Трамп тұсында АҚШ пен Қытай арасындағы жағдай қатты ушықты, әсіресе сауда-саттық, технология қауіпсіздігі, коронавирус мәселелері бойынша екі алып мемлекет арасында түйткілдер көп.

Қытайдың мемлекеттік ақпарат құралдары 9 қарашада Байден әкімшілігі тұсында қарым-қатынас қалпына түсіп, сауда-саттық мәселелері шешілуі мүмкін деген сипатта мақалалар жариялаған.

Алайда Қытайдың мемлекеттік Global Times басылымының жазуынша, АҚШ-тың Шыңжаңдағы қудалау мен Гонконг мәселелесі бойынша Пекинге қысымды бәсеңдетуі неғайбыл, сол себепті Пекинге Байден командасымен мұқият жұмыс істеуіне тура келеді.

Кремльдің ресми өкілі Дмитрий Песков 13 қараша күні RT-Russia берген сұхбатында Ресей АҚШ-тағы президент сайлауының ресми қорытындысын күтеді деп айтқан.

“Бұл жәй ғана құрмет сезімінен туған үнсіздік. Америкалық БАҚ емес, америкалықтардың өздері сайлаған президенті туралы айтатын сәтті күтіп отырмыз” деген.

АҚШ-та 3 қарашада өткен президент сайлауының ресми қорытындысы әлі шықпағанмен Америка ақпарат құралдары Байден жеңіске жетті деп болжаған. Көптеген әлем басшылары Байденді құттықтап та үлгерді.

Кейбір штаттарда дауыс санау енді аяқталды. Соңғы мәлімет бойынша, Трамп сайлаушылар алқасының 217 дауысына ие болған. Бірақ қарсыласы, демократ Джо Байденнен бәрібір айтарлықтай артта келеді. Қазір Байденде 279 дауыс бар. Ол президент ретінде сайлану үшін қажет межеден (270 дауыс) өте алған.

Осы апта соңында АҚШ-тағы президент сайлауының қауіпсіздігіне жауапты федералдық ведомствоның жоғары лауазымды өкілдері "сайлау нәтижесін бұрмалау" сияқты ақпаратқа дәлел табылмағанын мәлімдеді. Олар Джо Байден бюллетеньдерді ұрлау және бұрмалаудың арқасында жеңіске жетті деп тұжырымдаған Трамп пен республикашылдардың тұжырымын жоққа шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG