Accessibility links

Алматыда митинг қарсаңында журналист Ермұрат Бапиді ұстады


Ермұрат Бәпи. 15 шілде 2020 жыл.
Ермұрат Бәпи. 15 шілде 2020 жыл.

14 қараша күні Алматы қаласында оппозициялық күштердің билік мақұлдаған митингі қарсаңында журналист Ермұрат Бапиді ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттыққа митингіні ұйымдастырушылардың бірі журналист Инга Иманбай хабарлады. Бапидің ұсталғанын Алматы қаласы Медеу аудандық полиция бөлімшесі растады.

Иманбайдың сөзінше, полиция Бапиді көшеде жүрген жерінен ұстаған.

- "Инга, мені ұстап жатыр. Уәлиханов пен Калинин қиылысында тұрмын. "Медеу аудандық полиция бөлімшесіне апарамыз" деді. Ұстап жатқан сәтінен сурет түсіріп алдым, қазір жіберемін" деген. Бірақ сурет жібермеді, қазір екі нөмірі де өшірулі тұр, - деді Иманбай.

Бапидің ұсталғаны жайлы митингіні ұйымдастырушылардың бірі, Демократиялық партия құруға талпынып жүрген саясаткер Жанболат Мамай да жазды.

14 қарашаға белгіленген митингіге Жанболат Мамай мен Украинада тұратын журналист, белсенді, Youtube-тегі "Бәсе" каналаның иесі Айдос Садықов шақырып отыр. Екеуі де Қазақстан билігін сынайды. Бұл жиынды олар халықтық митинг ретінде атап, барлық жұртты саяси көзқарасына қарамастан келуге, қатысуға шақырды. Митингінің өтетіні 31 қазан күні құқық қорғаушылар Бақытжан Төреғожина мен Ғалым Ағелеуов өткізген бейбіт жиыннан кейін белгілі болды.

Қазақстанда 2020 жылы "Бейбіт жиындар туралы" заң қабылданып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай жиын өткізуге биліктің рұқсаты керек емес деген болатын. Алайда іс-жүзінде бейбіт жиындардың билік рұқсатынсыз өтуі мүмкін болмады. Жергілікті әкімдік түрлі себеппен митинг және пикет өткізуге тыйым салып келді. Рұқсат берген күннің өзінде ұйымдастырушылар неше түрлі кедергілерге тап болып жатады.

Жанболат Мамай мен Айдос Садықов шақырған митингіге билік рұқсат берді, бірақ кей азаматтардың оған еркін қатысуына жол бермей отыр.

13 қараша күні Жаңаөзен тұрғыны Мұратбай Жұмағалиевтің үйіне полиция келіп, белгісіз қылмыстық іс бойынша тергеуге шақыру қағазын табыстаған. Бұл туралы Жұмағалиевтің өзі әлеуметтік желіде мәлімдеді. Мамайдың сөзінше, Жұмағалиев өзге белсенділермен бірге Алматыдағы митингіге қатыспақ болған.

14 қараша күні, митингіге санаулы сағат қалғанда Жанболат Мамай Жаңаөзен белсенділеріне қаладан шығуға сол күйі жол берілмегенін хабарлады.

Митинг сағат 12.00 уақытында Ұлттық академия ғимараты алдында өтеді деп белгіленген. Митинг ұйымдастырушылары несиенің кешірілуін, жердің сатылмауын, саяси тұтқындардың босатылуын талап етіп, 10 қаңтарға белгіленген парламент сайлауына байкот жариялауға шақырып отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG