Accessibility links

Шымкентте 3 белсендінің үстінен "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" деп қылмыстық іс қозғалды


Шымкент қаласындағы тергеу сотының ғимараты.
Шымкент қаласындағы тергеу сотының ғимараты.

Шымкент қаласында азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаевтың, Мұрат Аштаевтың және Ерлан Файзуллаевтың үстінен экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 405-бабы) қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы 14 қараша күні Азаттыққа белсенділердің туыстары хабарлады.

Мұрат Аштаевтың әйелі белсенді Мөлдір Нұранованың айтуынша, 13 қараша күні Қазығұрт ықшам ауданындағы жеке тұрғын-үйіне бір топ полиция қызметкері келіп, тінту жасаған. Тінту кезінде үйдігі бар адамды бір бөлмеге отырғызған. Нұранова күйеуімен Нұржан Әбілдаев пен Ерлан Файзуллаевтың ұсталғанын айтады.

Белсенді Нұржан Әбілдаевтың ұсталғанын растап, бірақ сол күні түнде босатылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Әбілдаевтың үстінен де аталмыш баппен іс қозғалған. 13 қараша күні үйіне тінту жүргізіп, белсендінің жеке заттарынан бөлек әйелі мен баласының ноутбугін тәркілеген.

Мөлдір Нұранова ұсынған Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу сотының қаулысында іске белсенді Ерлан Файзуллаевтың да қатысы бары жазылған. Тергеу сотының 12 қараша күні шыққан қаулысында 38 жастағы Ерлан Файзуллаев пен 42 жастағы Мұрат Аштаевтың 20 қазан күні Facebook әлеуметтік желісіне тікелей эфирге шыққаны жазылған. Қаулыда белсенділердің ресми Нұр-Сұлтан экстремистік деп танып, жұмысына тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) және "Көше партиясы" ұйымдарын қолдап, халықты жергілікті атқарушы органдарға қарсы митингілерге шақырғаны жазылған. Іс 23 қазан күні тіркеліп, психологиялық-филологиялық сараптама тағайындалған. Сараптамада белсенділердің сөзінде экстремистік ұйымның қызметіне қатысу белгісі бар деген қорытынды жасалған.

Белсенділер тағылған айыппен келіспеген. Шымкент қалалық полиция департаменті белсенділердің үстінен іс қозғалып, тінту жүргізілгені жөнінде Азаттыққа қандай да бір ақпарат бермеді.

ҚДТ қозғалысын шетелде тұратын экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. 2018 жылы наурызда сот бұл қозғалысты "экстремистік" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал 2019 жылы Еуропарламент ҚДТ-ны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

Азаматтық белсенділер Нұржан Әбілдаев, Мұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін "жерді сатуға қарсы шығу", "саяси тұтқындарға бостандық", "Қытай экспансиясына жол жоқ" сынды тақырыптарда өткен наразылық шараларына қатысқан. Бұл үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG