Accessibility links

15 қарашада Армения Әзербайжанға даулы жерлерді қайтара бастайды


Үйін өртеп, заттарын көлікке тиеп жатқан Таулы Қарабақтағы Карвачар тұрғыны. 13 қараша, 2020 жыл.
Үйін өртеп, заттарын көлікке тиеп жатқан Таулы Қарабақтағы Карвачар тұрғыны. 13 қараша, 2020 жыл.

Армения 15 қарашадан даулы жерлерді Әзербайжанға тапсыруды бастауы тиіс. Өзін тәуелсіз деп жариялаған Таулы Қарабақ аймағындағы алты аптаға созылған қақтығысты тоқтату мақсатында Армения, Әзербайжан және Ресей қол қойған бітім келісімінің шарты осындай.

Азатықтың Армян қызметінің хабарлауынша, ондаған жыл бойы этникалық армяндардың бақылауында болған Келбаджар ауданының тұрғындары кетер алдында үйлерін өртеген.

1990 жылдары Совет одағы тарағаннан кейін Әзербайжан құрамындағы көбіне армяндар қоныстанған Таулы Қарабақ дербестікке ұмтылып, мұның соңы қарулы қақтығысқа, екі жақтан да босқындардың ағылуына алып келген. Соғысқа дейін көбіне әзербайжандар тұрған Келбаджар ауданының халқы босып кеткен соң мұндағы үйлер бос қалған. Ол үйлерге армяндар келіп қоныстанған.

Келбаджарды Әзербайжанға тапсырардың алдында армяндар Дадиванк монастырына барып дұға оқыды. 14 қарашада монастырь маңына Ресей бітімгерлері келіп орналасты.

Кремльдің ресми ақпаратына сәйкес, Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевті Таулы Қарабақтағы Бакудің бақылауына өтетін аймақтағы христиандардың қасиетті орындарын қорғауға шақырған.

Әзербайжан президентінің баспасөз қызметі христиандардың жәдігерлерін сақтауға сендірген мәлімдеме таратты.

Бітім келісімінің басты шарттарының бірі – алдағы 2,5 аптада Армения Келбаджар мен тағы екі ауданды Әзербайжанға қайтаруы тиіс. Келбаджар сияқты ол екі аудан да 1994 жылы соғыс тоқтағалы армяндардың бақылауында болған.

10 қарашадағы бітім келісімі алты апталық соғысты тоқтатуы тиіс. Кей мәліметтер бойынша, осы аралықта екі жақтан 5 мыңға жуық солдат қаза тапқан. Армяндар арасында бұл келісімге наразылық білдіргендер көп болды, себебі Таулы Қарабақтың көп бөлігі және оған жапсарлас аймақтар соғыс кезінде Әзербайжанның бақылауына өткен.

Бұл келісім бойынша аймаққа Ресейдің 2 мың бітімгері орналасады. Алғашқы 200 сарбаз бітім туралы хабарлана салысымен Арменияға ұшып келді.

14 қарашада екі тарап қаза тапқандардың мәйіттерімен алмасты.

Баку Келбаджар ауданынан әскер мен бейбіт тұрғындарды шығару мерзімін 15 қарашадан 25 қарашаға шегеру туралы өтінішке "гуманистік тұрғыда" келісім бергенін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG