Accessibility links

Қарағанды облысы: "Древний Римдегі төбелес" бойынша сот үкімі өзгеріссіз қалды


Айыпталушылар сот алдында. 12 қыркүйек 2019 жыл.
Айыпталушылар сот алдында. 12 қыркүйек 2019 жыл.

Бір адам өліп, 10 адам жарақаттанған Қарағандыдағы жаппай төбелеске байланысты шыққан сот үкімі өзгеріссіз қалды. 16 қарашада қылмыстық істер жөніндегі Қарағанды облысының алқабилер соты түрме жазасына кесілген бес сотталушының апелляциялық шағымын қанағаттандырмады. Былтыр 1 қаңтарға қараған түні Қарағандыдағы мейрамханада болған төбелеске байланысты 12 адамға - "Бұзақылық" бабы бойынша, бір адамға "Адам өлтіру" бабы бойынша айып тағылған болатын.

Апелляциялық шағымды бірнеше сотталушы түсірген. Былтыр қараша айында 3 жылға сотталған Арман Оганнисян, Тигран Степанян, Болат Жұмамұратов және Илья Щуро соттан жазаны жұмсартуды өтінсе, "Адам өлтіру" бабы бойынша кінәлі деп танылып, 19 жылға сотталған Юсиф Нурулу мен адвокаты қылмыстың дәлелденбеуіне қатысты істі тоқтатуды сұраған.

Ал төбелес кезінде қаза болған Рақымжан Жансейітовтің әкесі - төрт сотталушыға жазаны көбейтіп, әрқайсысына 7 жыл беруді сұраған.

Дегенмен апелляциялық шағымды қараған сот "сотталушыларды ақтауға да, жазасын көбейтуге де негіз жоқ" деп танып, бірінші инстанциядағы үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Бұл іс бойынша сот үкімі былтыр 4 қарашада шыққан. Қылмыстық іс бойынша барлығы 13 адам сотталған. Сот "Бұзақылық жасады" деп айыпталған 12 адамның төртеуінің әрқайсысын 3 жылға бас бостандығынан айырды. Алты айыпталушының бостандықтары төрт жарым жылға шектелді. Жәбірленуші тараппен бітімге келген екі адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сотталған төрт адам (үшеуі Армения, біреуі Өзбекстан азаматы) жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағынан шығарылады және әрі қарай бес жыл бойына Қазақстанға келуге тыйым салынады.

Былтыр төбелестен кейін Ресейге қашып кеткен 14-айыпталушы Нарек Гурурян 2019 жылы қараша айында елге экстрадицияланған. Оның ісі жеке қаралады. Гурурян ісі бойынша да тергеу амалдары аяқталып келеді.

"Древний Рим" мейрамханасында болған жаппай төбелес кезінде қаза болған Рақымжан Жансейіт тергеу органдарының айтуынша, мейрамханаға достарының шақыруымен барған. Жанжал басталған кезде бірнеше ер адам оны ұрып-соққан, басына, кеуде және аяғына пышақ ұрған. Жансейіттің денесі 2019 жылы 1 қаңтарда төбелестен кейін бірнеше сағат өткеннен кейін табылған. Айыптау тарабының айтуынша, марқұм көп қан жоғалтып, жан тапсырған.

"Древний Рим" мейрамханасындағы төбелес қоғамда наразылықты күшейткен. Қарағандыда жұрт наразылыққа шығып, кінәлілерді қатаң жазалауды сұраған. Интернет пен желіде армяндардың төбелеске қатысқаны жайлы ақпарат тараған. Қазақстан мен Армения билігі бұл тұрмыстық төбелес екенін, оған ұлтаралық сипат беруге болмайтынын мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG