16 қараша күні Шымкенттегі Қаратау аудандық соты Түркістан облыстық балалар ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Әнуарбек Маймақов пен есепшісі Бахыт Нарбаеваны "бюджет ақшасын жымқырды" деп танып, соттады. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.
Сот ашық өтті. Үкімді тыңдауға сотталушылар мен олардың қорғаушылары келді.
Судья Момбек Әмірбеков 64 жастағы Әнуарбек Маймақов пен 46 жастағы Бахыт Нарбаеваны Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп алу не талан-таражға салу" бабымен кінәлі деп таныды. Маймақовқа 4 жыл 2 ай 27 күнге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, өмір бойына дәрігер болып жұмыс істеуге тыйым салынды.
Сот есепші Нарбаеваны 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды. Оған Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып (түрме жазасын шартты түрге ауыстыруды қарастыратын бап), бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрге ауыстырды. Нарбаеваға бес жылға дейін есепші болып жұмыс істеуге тыйым салды.
Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде айыпталушылардың бұрын сотты болмағаны, келтірілген шығынды өтеуі, Маймақовтың зейнет жаста екені және 38 жыл дәрігер болып жұмыс істегені, Нарбаеваның айыбын толық мойындағаны ескерілген.
Сотта Маймақов пен Нарбаева 2018 жылдың мамыр айынан 2019 жылдың мамыр айына дейін ауруханаға бюджеттен бөлінген 25 миллион теңгеден аса ақшаны талан-таражға салған, оның 6 миллон теңгесін алдын-ала сөз байласып жымқырғаны айтылды.
Үкімді тыңдап болған соң сотталушы Маймақов сот үкімі туралы қандай да бір пікір беруден бас тартты. Оның қорғаушысы Сәкен Қасымбеков апелляциялық шағым түсіретінін айтты.
Судья Момбек Әмірбековтің айтуынша, Маймақов кінәсін мойындамаған, бірақ 6 миллионға жуық теңгені мемлекетке қайтарған. Бұдан бөлек, ол Қылмыстық кодекстің "Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу" бабы бойынша ақталған. Сот оның іс-әрекетінде қылмыстық құрам болмаған деп тапқан.
Қылмыстық іс сотқа 2020 жылдың ақпан айында түскен. Іс 20 томнан тұрады.
ПІКІРЛЕР