Accessibility links

Орталық Азия бойынша ақпарат тарататын тәуелсіз "Ахбор" сайты жұмысын тоқтатты


Мирзо Салимпур.
Мирзо Салимпур.

"Ахбор" сайтының бас редакторы Мирзо Салимпур тәуелсіз интернет-басылымның жұмысы тоқтағанын хабарлады. Оның сөзіне қарағанда, сайт "Тәжікстан жоғарғы сотының негізсіз шешімінен" кейін туындаған мәселелерге байланысты жабылып отыр. "Ахбор" жаңалықтар сайты 4 жыл бұрын Прагада құрылған.

Мирзо Салимпурдың хабарлауынша, Тәжікстан жоғарғы соты "Ахборды" тыйым салынған сайттар тізіміне енгізгеннен кейін "заңдық тұрғыда көп мәселе туындаған".

"Өкінішке қарай, сол негізсіз шешімнің кесірінен журналистер материалдарын ойдағыдай дұрыс жібере алмайды, ал сарапшылар мен шенеуніктер өткір мәселелерге байланысты пікір айта алмайды. Олардың барлығын тыйым салынған басылыммен байланыс орнатты деп айыптауы мүмкін" дейді бас редактор.

Салимпур сайттың жабылуына байланысты таратқан мәлімдемесінде жаңадан вебсайт ашу ойында бар екенін жеткізген. Оның айтуынша, жаңа сайт "Ахбор" сияқты "тәуелсіз әрі объективті" ақпарат таратып, Тәжікстан мен аймақтағы оқиғаларды қамтиды.

2016 жылы Чехияда ашылған "Ахбор" сайты Тәжікстан мен Орталық Азия аймағындағы маңызды оқиғалардан хабар таратып келген еді. Соңғы екі жылда Тәжікстан аумағында жабылған.

Биыл жазда Тәжікстан бас прокуратурасының тергеушілері Салимпурдың жақындарына "сайтпен байланысы үшін" ескерту жасаған. Оларға сайттың бас редакторы жіберген ақшадан да бас тартуға кеңес берген. Ізінше Мирзо Салимпур Тәжікстан президенті әкімшілігінің өкілдеріне хат жазып, бас прокуратура әрекетіне наразылық білдірген, туыстары мен жақындарына "заңсыз әрекет" жасауды тоқтатуды талап еткен.

Мирзо Салимпур 2002-2016 жылдар аралығында Азаттықтың Тәжік қызметінде істеген. Мамандығы - экономист. Осыған дейін "Джавонони Точикистон" және "Чароги Руз" басылымдарында да жұмыс істеген. 1995 жылы Хеллман Хэммет сыйлығына ие болған.

Соңғы жылдары Тәжікстан билігі сөз бостандығын шектегені үшін жиі сыналып келеді. Халықаралық ұйымдар тәуелсіз журналистерге қысымның үдеуіне байланысты алаңдаушылық білдірген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG