Accessibility links

Жыл басынан бері 200-ден астам мұғалім мен мыңнан аса оқушыға коронавирус жұққан


Маска таққан мектеп оқушылары мен мұғалім. Көрнекі сурет.
Маска таққан мектеп оқушылары мен мұғалім. Көрнекі сурет.

1 қыркүйектен бері Қазақстанда 241 мұғалім мен 1042 оқушыға коронавирус жұққан. 302 оқушы кезекші сыныпта оқыған. Бұл ақпаратты 17 қараша күнгі брифинг кезінде денсаулық сақтау министрлігінің санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова хабарлады.

- 1 қыркүйек пен 16 қараша аралығында кезекші сыныпқа барып жүрген 302 оқушыдан коронавирус анықталды. Бір баладан вирус пневмониясы табылды. Қазір 456 бала емделіп жатыр. Оқу жылының басынан бері мектеп қызметкерлерінің арасында 241 жағдай тіркелді, - деді комитет жетекшісі.

Оның сөзіне қарағанда, коронавирус жұққан оқушы мен мұғалім елдің барлық аймағынан табылған. Әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық зерттеу жүргізіліп, вирус жұққан адаммен байланыста болғандар анықталып жатыр.

Коронавирусқа байланысты Қазақстанда оқушылардың басым бөлігі 1 қыркүйектен бері қашықтан білім алып жатыр. Тек кейбір мектептерде бастауыш сыныптарға арналған "кезекші сыныптар" ұйымдастырылған. Бұған қоса, кейбір аймақта бала саны 300-ден аспайтын шағын мектептерге дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілген.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 3 миллионнан астам оқушының алтыдан бір бөлігі немесе жарты миллионнан астам бала мектепке барып жүр.

16 қарашада барлық мектепте екінші тоқсан басталды.

Қазақстанда соңғы уақытта коронавирус жұқтырғандардың көбейгені байқалады. Денсаулық сақтау министрлігінің Telegram-арнасындағы мәлімет бойынша, қазір Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облысы "қызыл аймаққа" енген. Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы, Қостанай, Павлодар облыстары - "сары аймақта". Қалған аймақтар - "жасыл зонада". Осыған дейін Батыс Қазақстан облысында карантин күшейгені хабарланған еді.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда коронавирус жұққаны тестпен дәлелденген 121 мыңнан астам адам бар: 109 мыңы жазылған, 1952 адам қайтыс болған. Бұған қоса, 40 мыңнан аса адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылған: басым бөлігі айыққан, 421 адам қайтыс болған.

Елде коронавирус статистикасына күмән келтіретіндер де бар. Тәуелсіз зерттеу жүргізген Сандж зерттеу ұйымы "елде үш миллионнан астам адамға вирус жұққан" деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG