Accessibility links

Бұрынғы энергетика вице-министрінің соты: Шкарупа "айғақтардың бұрмаланғанын" айтты


Бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа. Қарағанды, 17 қараша 2020 жыл.
Бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа. Қарағанды, 17 қараша 2020 жыл.

"Бюджет қаржысын жымқырды" деп айыпталып отырған бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде "айғақтардың бұрмаланғанын" айтып, сараптама жүргізу барысында бірқатар заңбұзушылықтар болғанын алға тартты.

17 қарашада офлайн режимде өткен сотта жазбаша түрдегі айғақтар қарастырылды. Адвокаты ауырып қалғандықтан мемлекеттік адвокат тағайындалған Шкарупа "өзіне қарсы қылмыстық істі дайындай бастаған сәтте көптеген қаулыларға бұрынғы дата қойылған болуы мүмкін" деп мәлімдеді. Ал мемлекеттік айыптаушылар "құжат айналымында қате кеткен болуы мүмкін" деп Шкарупаның "дерек бұрмалау" жайлы айтқандарын "асығыс жасалған қате тұжырым" деп атады.

Шкарупа сонымен бірге тергеу органдарын – "Конституцияда көрсетілген қорғалу құқығын бұзды", прокуратураны "заңбұзушылық туралы шағымдарға құлақ аспады" деп айыптады. Шкарупаның айыптауына жауап берген прокурорлар айыпталушының құқықтары сақталғанын айтып, сотқа дейінгі тергеу амалдары кезінде кеткен "қателіктер" туралы үнемі айтатын экс-шенеунік "сот процесін әдейі созып отыр" деп Шкарупаның өзін кінәлады.

Сот процесі 2019 жылдың желтоқсан айынан бері жалғасып келеді. Экс-шенеунік 2018 жылы 16 қарашада қамауға алынған, ал биыл маусым айында үйқамаққа жіберілген. Тергеу органдарының болжамынша, бұрынғы вице-министр Сарань қаласының әкімі болып тұрған кезде (2014-2017жж.) орталық жылу желісіне қосылмаған көпқабатты тұрғын үйлерде жылыту жабдықтарын орнату кезінде "қаржы жымқырған болуы мүмкін".

Онымен бірге "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры" басқармасының бұрынғы төрағасы Қайсар Байдалы және ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев те сотқа тартылған. Жәбірленуші тарап ретінде "Қазақстандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы" танылған.

Тергеушілер аталған қор ENERCO компаниясына 215 миллион теңгеден астам қаржыны заңсыз аударған деп санайды. 44 жастағы Анатолий Шкарупа тағылған айыпты мойындамайды.

"Қазақстандық тұрғын үй коммуналды шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы" Байдалы мен Нәбиевтің үстінен шығынды өтеу туралы азаматтық шағым түсірген. Басында шағым түсірушілер соттан 241 миллион теңгеден астам қаржы өндіріп беруді сұраған, кейіннен оның көлемін 381 млн 175 мың теңгеге дейін көбейтті. Шағым түсірушілер соттан айыпталушылардың жылжымайтын мүліктерін бұғаттауды сұраған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG