Accessibility links

Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавируспен күреске 134 млн еуро бөлді


Маска таққан қыз. Көрнекі сурет.
Маска таққан қыз. Көрнекі сурет.

Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавирустың кесірінен туындаған дағдарыспен күресу үшін қаржылай көмек ретінде 134 миллион еуро (шамамен 159 млн доллар) қаражат бөлді. Бұл ақпаратты Еуропаның сыртқы байланыс қызметі хабарлады.

"Қаражат Орталық Азия елдерінің шұғыл және ұзақ мерзімді қажеттіліктерін өтеуге берілді, атап айтқанда денсаулық сақтау жүйесі, сумен қамтамасыз ету, санитария саласын жетілдіріп, дағдарыстың қоғамдық-экономикалық салдарын жоюға бағытталған" делінген "Еуроодақ – Орталық Азия" министрлер кездесуінен кейін таратылған мәлімдемеде.

Жиынға Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель төрағалық еткен.

Сәрсенбі күні таратылған ортақ мәлімдемеде онлайн форматта өткен видеоконференцияға қатысушылардың "коронавирус індетінен кейін ойдағыдай аяққа тұрып, тұрақты түрде даму үшін жұмыла әрекет етуге бекінгені" жазылған.

Олар сонымен бірге "заң үстемдігі, демократиялық басқару, адам құқығы" саласында "алға жылжудың маңызды екенін" де атап өткен.

Шілде айында Еуроодақ Орталық Азия елдеріне коронавирус дағдарысы кезінде 3 млн еуро көлемінде қаржылай көмек беруді мақұлдаған еді.

Құқық қорғаушылар Орталық Азия елдерінің үкіметі коронавирус індетін билікті сынайтын тәуелсіз БАҚ пен белсенділер, азаматтық қоғам, әлеуметтік желі қолданушыларының "үнін өшіру үшін" саяси мақсатта пайдаланды деп санайды. Сыртқы істер министрлерінің кездесуі қарсаңында бірқатар халықаралық және аймақтық құқық қорғау ұйымдары Еуроодақты Орталық Азия елдерімен қарым-қатынаста адам құқығы мәселесін бірінші орынға қоюға үндеген еді. "Орталық Азия: коронавирус індеті кезінде билік сыншыларына қысымның үдеуі" атты есепте белсенділерді қудалау фактілері келтірілген. Онда белсенділердің құқық қорғаушылар саяси астары бар деп есептейтін айыптар бойынша түрмеде жазаларын өтеп жатқаны жазылған.

Қазақстанда соңғы ресми мәлімет бойынша, коронавирус жұққаны арнайы тестпен расталған 122 335 адам бар: 110 мыңы жазылған, 1959 адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар елде коронавирус жұқтырғандар ресми статистикада көрсетілген көрсеткіштен әлдеқайда көп деп есептейді. Қазақстан – ТМД кеңістігінде коронавирустан қатты зардап шеккен елдердің бірі. Көптеген сарапшылар жағдайдың ушығуына жемқорлық, денсаулық сақтау саласында ашықтықтың жоқтығы себеп болғанын айтады.

Қарай отырыңыз: "Саяси реформа жасауға уәде берген Қазақстан билігі сөзінде тұрмады" (17 қараша 2020 жыл).

HRW: Қазақстан билігі адам құқығы бойынша реформа жасау уәдесінде тұрмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG