Accessibility links

Перуашев Назарбаев отставкаға кеткен күні жылағанына өкінбейді


Перуашев Назарбаев президенттіктен кеткенде жылағанына өкінбейді
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:00 0:00

“Ақ жол” партиясының жетекшісі Азат Перуашев былтыр наурыз айында Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткенде көз жасына ерік бергеніне өкінбейді. 20 қараша күнгі партия съезінде “сол күні жылағаныңызға өкінбейсіз бе?” сұраған Азаттық тілшісіне партия жетекшісі былай деді:

- Кез келген адамның эмоциясы бар. Адамның эмоциясы – бөлек те, саяси көзқарасы, ұстанымы – бөлек. Тәжірибелі адам ретінде айтып тұрмын, - деді.

Былтыр елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кеткен кезде Перуашев көзіне жас алып, журналистердің сұрақтарына жауап бере алмай, теріс айналған еді.

20 қарашада елдегі тіркелген 6 партияның бірі - "Ақ жол" демократиялық партиясы мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынылатын депутаттар тізімін таныстырды. Партия мәжіліс депутаттығына - 38, мәслихатқа 794 адамды ұсынып отыр.

38 адамның арасында ақын Қазбек Иса, былтыр президент сайлауына кандидат ретінде қатысқан Дания Еспаева, партия төрағасы Азат Перуашев, Еуразия университеті жанындағы "Алаш" мәдениет және рухани даму институтының директоры Сұлтан Хан Жүсіп, қазіргі мәжіліс депутаты Меруерт Қазбекова және т.б адамдар бар. Көбі - кәсіпкерлер.

Партияның съезі кезінде "Ақ жол" өкілдері жер мәселесі туралы да айтты. Азаттық тілшісі Азат Перуашевтен "жер митингілерінен кейін қамалған белсенді Макс Боқаевты босату мәселесін көтересіздер ме?" деп те сұрап еді, "күмәнді сот шешімдеріне байланысты бізге шағымдар жиі түседі, бірақ сол адамдардың өздері немесе заңды өкілі бізге шағымданбаса, мәселеге араласа алмаймыз" деп жауап берді.

Партияның съезі "коронавирус індетіне байланысты" онлайн өтті. Осыған дейін "Ауыл" мен "Адал" партияларының съезі оффлайн режимде өткен еді.

"Ақ жол" партиясы 2002 жылы ресми түрде тіркелген. ОСК мәліметінше, партияның 200 мыңға жуық мүшесі бар. 2016 жылғы мәжіліс сайлауы кезінде партия парламенттен 7 орын алған.

Партия өздерін парламенттегі "оппозиция" деп көрсетуге бейім болғанмен "Нұр Отан" өкілдерін өткір сынаудан қашқақтайды, кейде мақтап та жатады. Саяси сарапшылар оны бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отанға" жақын, "парламентте жалған оппозиция рөлін ойнайтын билікшіл" партия деп атайды.

Қазір парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді.

Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG