Accessibility links

Сот белсенді Шүкееваға айыппұлды кейін өтеуге рұқсат берді


"Еркін интернет - еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтық белсенді Анна Шүкеева. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.
"Еркін интернет - еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтық белсенді Анна Шүкеева. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.

20 қарашада Ақмола облысының Целиноград аудандық соты азаматтық белсенді Анна Шүкееваға салынған 81 мың теңге көлеміндегі айыппұлды үш айдан кейін төлеуге рұқсат берді. Екі күн бұрын Нұр-Сұлтанның қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық соты қазан айында "билік өкілін қорлады" деп айыпталып, айыппұл салынған Шүкееваның апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған еді.

Былтырдан бері "азаматтық белсенділігі үшін" кемінде 7 рет әкімшілік жазаға тартылып, 1500 доллар көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болған белсендінің үстінен қылмыстық істің қозғалуына 2020 жылы қыста болған оқиға түрткі болған.

Анна Шүкеева биыл қыста Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментіне бірнеше белсендімен бірге барып, тергеушімен кездеспек болған кезде полиция өкіліне қарата айтқан "голубые" деген сөзі үшін "полиция өкілін қорлады" деп айыпталған еді. Бірақ айыбын мойындамаған белсенді түрлі бейбіт жиын, митинг қарсаңында "экстремист" деп ұстала бергеннен кейін "ауыспалы мағынада айттым" деген болатын.

Ал 12 қазанда Нұр-Сұлтандағы Сарыарқа аудандық №2 қылмыстық соты Анна Шүкееваны кінәлі деп таныды. Сот шешімімен оған жалпы сомасы 30 айлық есептік көрсеткішке тең (шамамен 81 мың теңге) айыппұл салынған. Шүкеева былтырдан бері "рұқсат етілмеген митингіге қатысты", "митинг ұйымдастырды" деп бірнеше рет айыпталып, жазаланған.

Қазақстанда полиция органдары Қылмыстық кодекстің 378-бабын (“Билік өкілін қорғау”) билік сыншыларына, белсенділерге жиі қолданады.

Қыркүйекте дәл осы баппен белсенді Ербол Есхожиннің үстінен екі бірдей іс қозғалып, сот оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (265 мың теңге шамасында) айыппұл салған. Есхожин полицейлерге қарата айтқан "Назарбаевтың күшіктері" дегені үшін істі болған.

Бұл айып белсенді Айбек Сәбитовке де тағылып, 6 қазанда сот оған "щиманушки" деген сөзі үшін 80 айлық есептік көрсеткішке тең айыппұл салған. Екеуі де апелляциялық шағым жазған.

Осыған дейін Алматы қаласының соты белсенді Әсия Төлесованы да "билік өкілін қорлады" және "билік өкіліне күш қолданды" деп айыптап, 1,5 жылға бас бостандығын шектеген. Апелляциялық сот Төлесованың үкімін өзгертпеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG