Accessibility links

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы Беларусь басшылығының журналистерге қарсы әрекеттерін сынға алды


Минскідегі наразылық шарасы. 26 қазан, 2020 жыл.
Минскідегі наразылық шарасы. 26 қазан, 2020 жыл.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы Беларусь басшылығының баспасөз бостандығына қысымды күшейткеніне наразылық білдірді. Жақында Азаттық радиосы Беларусь қызметінің алты журналисі Андрей Шаулюха, Юлия Коцкая, Максим Лаврецкий, Андрей Рябчик, Игорь Карней, Олег Груздилович қамауға алынып, әкімшілік құқық бұзғаны үшін деген айыппен 8 күннен 15 күнге дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы президентінің міндетін атқарушы Дэйзи Синделардың мәлімдемесінде былай делінген:

"Беларусь үкіметі Беларусьтегі оқиғалардың объективті куәгері болып, өз жұмысын істеп жүрген біздің журналистерді және басқа да тілшілерді қамауға алды. Биліктің лайықсыз әрекеті біздің Беларусь халқын адам құқықтарының бұзылуы жайлы маңызды ақпаратпен қамтамасыз етудің барлық мүмкіндіктерін пайдалануымызға кедергі келтіре алмайды".

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы баспасөз еркіндігі шектелген не кәсіби журналистика толық дамымаған 23 елде 27 тілде хабар таратады. 41 миллион аудиторияға хабар тарату барысында медиакорпорация шынайы ақпаратты жеткізетін жергілікті тілшілерге сүйенеді. Азат Еуропа/ Азаттық радиосы АҚШ-тың жаһандық медиа агенттігі арқылы АҚШ конгресінен грант түрінде қаржылай көмек алғанымен, тәуелсіз редакциялық саясат жүргізеді.

Беларусьте 9 тамызда президент сайлауы өтіп, елді ұзақ жыл басқарып келе жатқан Александр Лукашенко жеңімпаз деп аталған. Бірақ содан бері ел ішінде сайлау нәтижесіне наразылардың шеруі толастамай келеді. АҚШ пен Еуропа елдері сайлау қорытындыларымен келіспейтінін мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG