Accessibility links

Кабулдың бес ауданына зымыран түсіп, 8 адам қаза тапты


Ауғанстан ұлттық армиясының сарбаздары Кабул маңында. 18 қараша, 2020 жыл.
Ауғанстан ұлттық армиясының сарбаздары Кабул маңында. 18 қараша, 2020 жыл.

21 қараша таңертең Кабулдың тұрғын аудандарына 20 шақты зымыран түсіп, сегіз адам қаза болды және оншақты кісі жарақат алды. Ауғанстан үкіметі бұл үшін Талибан ұйымын кінәлады.

Оқиға АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның Ауғанстан үкіметі мен Талибан тобы өкілдерімен Катарда өтеді деп жоспарланған кездесуінен бірер сағат бұрын болды. Бұл кездесуде тараптар тоқтап қалған бейбіт келіссөздерді қайта бастауды талқылауды жоспарлаған. Ал екі күннен соң Женевада Ауғанстанға көмек беретін донорлардың конференциясы өтуі тиіс.

Ауғанстан ішкі істер министрлігінің өкілі Тариқ Арианның мәлімдеуінше, Талибан Кабулдың бес ауданына 24 зымыран атқан. Шетелдердің елшіліктері орналасқан дипломатиялық аудан да зымыран шабуылына ұшыраған.

Ариан "бұл зұлым әрекет үшін кек қайтарылатынын" айтты.

Талибан шабуылға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Шабуыл кесірінен Ауғанстан астанасында орналасқан елшілік ғимараттарында дабыл қағылды. Кабулдағы Иран елшілігі Twitter-де зымыранның елшілік ғимаратына тигенін, бірақ одан ешкімнің зардап шекпегенін хабарлады.

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани шабуылды сынға алды және атысты тоқтату шартын орындауға шақырды.

Ішкі істер министрлігінің өкілі "террористер" зымырандарды шағын жүк көлігінен атқанын айтты. Тергеушілер олардың қауіпсіздік тексерістерінен өтіп, зымырандарды Кабулға қалай алып кіргенін зерттеп жатыр деді ол.

АҚШ мемлекеттік департаменті мемлекеттік хатшы Майк Помпео 21 қарашада Дохада Ауғанстан үкіметінің делегациясымен және Талибан келіссөзшілерімен бөлек кездесу өткізетінін хабарлаған.

Помпео Еуропа мен Таяу Шығыстың жеті елін ресми сапармен аралап жүр.

Апта басында Пентагон Ауғанстаннан 2 мыңға жуық әскерін шығаратынын мәлімдеген. Бұл Вашингтон мен Талибан өкілдері биыл ақпанда қол қойған келісімнің орындалуын тездете түседі. Келісім бойынша, 2021 жылдың ортасына дейін АҚШ Ауғанстаннан әскерін түгел алып кетуі керек.

Ауған үкіметі мен Талибан өкілдері арасындағы бейбіт келіссөздер тұйыққа тірелгелі бері Ауғанстанда, әсіресе оның астанасы Кабулда, Талибанның және басқа экстремистік топтардың шабуылдары жиілеп кетті.

Қарашаның басында қарулы адамдар Кабул университеті ғимаратына шабуыл жасап, 35 кісіні өлтірді, қаза тапқандардың көбі – студент. 50 шақты адам жарақат алған бұл шабуылды "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы мойнына алған.

"Талибан" - Ауғанстандағы исламшыл қозғалыс, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі және әлемнің көп елі террористік ұйым деп таныған бұл топ 1996-2001 жылы Ауғанстанда билік жүргізген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG