Accessibility links

Алматыда жануар құқықтарын қорғаушылардың митингі өтті


Жануар құқықтарын қорғаушылардың митингі. Алматы, Қазақстан. 21 қараша, 2020 жыл
Жануар құқықтарын қорғаушылардың митингі. Алматы, Қазақстан. 21 қараша, 2020 жыл

Алматыда жануар құқықтарын қорғаушылардың митингі өтті. Ұйымдастырушылар үшінші рет өтініш бергеннен соң ғана Алматы қалалық әкімдігінен рұқсат алғандарын айтты.

Жиынға қатысқандар жануарларға қатыгездік жасағандарға жазаны қатаңдатуды талап етті және жануарлармен жұмыста жауапкершілікті арттыруды көздейтін заңдар қабылдауға шақырды.

Махатма Ганди атындағы паркте өткен митингіге 50-ге тарта адам қатысты. Арасында балаларын, итін алып келгендер болды. Жиынды бірнеше журналист пен қара киім киген ер адамдар бақылады. Шараны ұйымдастырушылардың бірі Наталья Шамсутдинова белгіленген уақыт – сағат 14-00-ге дейін плакаттарды ашуға болмайтыны жөнінде ескерту алғанын айтты.

Митинг уақыты басталғанда жиналғандар плакаттарын ашты. Онда "Оларға сенен басқа ешкім көмектеспейді!", "Олардың кінәсі не?", "Мені қанішерлерден құтқар!", "Жануар ойыншық емес" деген сияқты ұрандар жазылған. Митинг бір сағатқа созылды.

Ұйымдастырушы Наталья Шамсутдинованың айтуынша, олар бюджет ақшасы көп жұмсалатын жануарларды аулау қызметінің жұмысын қолдамайды. Екінші мәселе – жануарларды өсіруге бақылаудың жоқтығы.

– Жануарларға стерилизация жасау керек және оларды мемлекеттің рұқсатымен ғана асырау қажет. Жануарларға қатыгездікпен қарағандарға жазаны қатаңдату керек. Ит төбелестіруге мүлде тыйым салып, оны ұйымдастырушыларға жазаны күшейту қажет. Жануарларға қатыгездік жасағандарды, өлтіргендерді қылмыстық жауапқа тарту керек. Жаза жоқ болғандықтан, жануарларды өлтіре береді, – деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG