Accessibility links

Covid тесті растаған. Қазақстанда бір күнде 756 науқас тіркелді


Коронавирус пандемиясы кезінде құрылған уақытша ауруханадағы "қызыл аймақта" отырған медқызметкерлер. Көрнекі сурет.
Коронавирус пандемиясы кезінде құрылған уақытша ауруханадағы "қызыл аймақта" отырған медқызметкерлер. Көрнекі сурет.

21 қараша күні Қазақстанда вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған 756 науқас тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Аймақтар бойынша Шығыс Қазақстан облысы әлі де алда тұр. Ауру солтүстік облыстарда өршіп тұр.

ПТР тестімен расталған науқастар арасында көш басында – әдеттегідей Шығыс Қазақстан облысы. Онда бір күнде 198 науқас анықталған. Бұл – республикалық көрсеткіштің 26 пайызы. Кейінгі айда облыста күн сайын жүздеген науқас анықталып отыр.

Одан кейінгі орындарда – Павлодар (93), Солтүстік Қазақстан (91) және Қостанай (75) облыстары. Нұр-Cұлтанда 59, Ақмола облысында 56 науқас тіркелді. Қыс ерте түскен бұл солтүстік аймақтардағы науқастар саны республикалық көрсеткіштің 76 пайызын беріп отыр. Ең төменгі көрсеткіш Түркістан (5), Қызылорда (4) және Маңғыстау (2) облыстарында байқалды.

Бір күнде коронавирустан 397 адам жазылып шықты.

Вирус жұқтырғаны ПТР тестімен расталған науқастардың жалпы саны 125 466-ға жетіп отыр. Оның ішінде 112 292 адам айыққан, 2 мыңға жуық адам қайтыс болған (21 қарашадағы дерек бойынша, 1977 адам). Коронавирус жұқтырғаны расталған, бірақ "ілеспе аурудан қайтыс болды" деген жүздеген адам Covid статистикасына кірмей қалған.

Қазақстан 1 тамыздан бері ПТР тестімен расталмаған коронавирус пневмониясы есебін жүргізіп келеді. 21 қарашаға дейін пневмонияның бұл түрімен 41 мың науқас тіркеліп, оның 425-і қайтыс болған. Коронавирус пневмониясының есебі де Covid статистикасына біріктірілмей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG