Accessibility links

Полиция журналист Айгүл Өтепованы үйінен психдиспансерге алып кетті


Полиция журналист Айгүл Өтепованы көлікке отырғызып жатыр. Нұр-Сұлтан, 23 қараша 2020 жыл.

23 қарашада күндіз Нұр-Сұлтанда полиция журналист, блогер Айгүл Өтепованы үйінен психдиспансерге алып кетті. Өткен аптада сот Өтепованы психикалық диспансерге жіберу туралы шешімнің негізсіз екенін алға тартқан адвокаттың апелляциялық шағымын қанағаттандырмаған еді.

"Жақында ғана медициналық тексеруден өткен кезде дәрігерлер денсаулығымды жақсы деп бағалаған. Мені денсаулығыма байланысты емес, саяси астармен қудалап отыр" деді Өтепова дүйсенбі күні полиция көлігіне мінбей тұрып Азаттық тілшісіне.

Тәуелсіз журналисті полиция үйінен алып бара жатқан сәтте азаматтық киім киген ер адам Азаттықтың түсірілім тобына журналисті көлікке отырғызған сәтті түсірткізбеуге тырысты. Өтепова оның "полиция қызметкері" екенін айтып, аты-жөнін де білетінін жеткізді. Азаттық тілшісі оның жеке көлігімен полициядан ерте келіп алғанын байқаған еді.

Әлеуметтік желілерде билікті өткір сынап жүрген журналист Айгүл Өтепованың үстінен қыркүйек айында қылмыстық іс қозғалған. Ол Қылмыстық кодекстің 405-бабының 2-тармағы бойынша "тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты" деп күдікке ілінген. Журналистке бұл айып "Facebook желісінде билікті сынаған жазбалары үшін" тағылып отыр. Оның үйқамақта отырғанына 2 айдан асқан.

Осыған дейін тергеу соты Айгүл Өтепованың "психикалық саулығына көз жеткізу үшін" психикалық саулық орталығында тексеруден өткізу туралы тергеушінің арызын қанағаттандырған еді.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, Айгүл Өтепова сот қаулысына сәйкес, психдиспансерде 11 желтоқсанға дейін болады.

Блогер Facebook желісінде соңғы жазбаларының бірінде биліктің індетпен күрес шараларын сынап, карантинде отырған жарты жыл ішіндегі "өзгерістер" туралы айтқан еді.

Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдары Айгүл Өтепова ісіне алаңдаушылық білдіріп отыр. Халықаралық Amnesty International (AI) құқық қорғау ұйымы 18 қарашада жариялаған мәлімдемесінде Айгүл Өтепованы "ар-ұждан тұтқыны"деп атады. Ұйым Өтепованың "пікірін бейбіт түрде ашық айтқаны үшін қуғындалып отырғанын" сынап, оны босатуға шақырған.

Қазақстандық кей құқық қорғаушылар Өтепованың үстінен қозғалған істі биліктің сот шешімімен тыйым салған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысы жақтастарын қудалау ісімен байланыстырады. Қазақстан соты "экстремистік ұйым" деп таныған ҚДТ-ны Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атаған.

50 жастағы Айгүл Өтепова newtimes.kz басылымында журналист болып еңбек еткен. 2015 жылы Қазақстан президенттігіне өзін үміткер ретінде ұсынып, кейін бас тартқан еді.

Жеке YouTube арнасы бар Айгүл Өтепованы жұрт "эпатаж журналист" ретінде біледі.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG