Accessibility links

"Қазақстан халық партиясы" депутаттыққа ұсынылатын кандидаттарды таныстырды


Партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков. Көрнекі сурет.
Партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков. Көрнекі сурет.

23 қарашада "Қазақстан халық партиясы" мәжіліс және мәслихат депутаттығына ұсынылатын 125 кандидаттың тізімін жариялады.

Мәжіліске ұсынылған үміткерлер арасында қазіргі мәжіліс депутаттары Айқын Қоңыров, партия хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирнова, Магеррам Магеррамов, бұған қоса, "Кипр" сараптама тобының жетекшісі Ерлан Смаилов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, қарағандылық азаматтық белсенді Василий Климаков бар.

Vlast сайтының жазуынша, тізімде 36 әйел (28,8%) және 89 ер адам (71,2%) бар. Кандидаттардың орташа жасы – 46 жас. Ең жасы – 25-те, ең үлкені – 67 жаста.

Тізімге партияның бұрынғы жетекшісі Владислав Косарев, Тұрғын Сыздықов, Галина Баймаханова енбей қалған. Осыған дейін кейбір БАҚ партия мүшелері арасында келіспеушілік туындап, саяси ұйымды 2004 пен 2018 жылдар аралығында басқарған Косаревтің партиядан кеткенін хабарлаған еді. Ізінше оның жаңа партия құруды жоспарлап отырғаны да айтылды. Бірақ бұдан кейін ақпарат шықпады.

Осыған дейін ҚКХП партия атауынан "коммунистік" сөзін алып тастап, қайта тіркеуге өтініш берген еді. 20 қарашада орталық сайлау комиссиясы "Қазақстан халық партиясын" тіркегенін хабарлап, оның сайлауға қатысуына рұқсат берген.

"Қазақстан халық партиясы" 2004 жылы ресми түрде тіркелген. 2016 жылғы мәжіліс сайлауы кезінде парламенттен 7 орын алған.

Саяси сарапшылар "Ақ жол" сияқты "Қазақстан халық партиясы" да парламентте "жалған оппозиция рөлін ойнап, билікке балама пікір айтатындай кейіп танытады" дейді. Партияның өзі бұл айыптармен келіспейді.

Қазір парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді.

Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылады. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

Қарай отырыңыз: "Ақ жол" съезінде де Назарбаевқа мақтау айтылды (20 қаршаа 2020 жыл).

"Ақ жол" съезінде де "Нұр Отан" төрағасы Назарбаевты мақтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:39 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG