Accessibility links

Әкім: Қонақ үй Бозжырадан 1-2 шақырым жерге салынады


Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы. Фото авторы - Марк Пестов.
Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы. Фото авторы - Марк Пестов.

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов 23 қарашада қоғамда дау туғызған Бозжыра шатқалына қонақ үй салу жобасы туралы айтты.

— Бозжыра шатқалында қонақ үй салу жобасын бірнеше рет талқыладық. Қоғамдық кеңесте де бірнеше кездесу өтті, оған өзім жетекшілік еттім. Құрылыс кезінде барлық талаптар орындалады. Яғни, ол жаққа жол, автотұрақ саламыз, одан кейін инвесторлардың көмегімен талапқа сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргіземіз. Қоғамдық кеңес жанынан арнайы топ құрдық. Инвестор жобасы әлі көп талқыланады. Тек ортақ шешім қабылданғаннан кейін құрылыс басталады. Бірақ қонақ үй шатқалға тым жақын орналаспайды. Бұл нысан туристер ағынын реттеу үшін қажет. Биылдың өзінде шамамен 2 мың турист Бозжыраға барған. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш еселеп артады деп ойлаймыз. Сондықтан туристер ағынын реттеп, экологияға зиян келмес үшін бақылауға алуымыз керек, - деді дүйсенбілік брифинг кезінде Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Маңғыстау облысының әкімі.

Әкімнің айтуынша, инвесторлар бассейні бар қонақ үйдің эскизін көрсеткен, бірақ ол жақта "нақты қандай нысандар болатыны" белгісіз.

Серікбай Тұрымов сонымен бірге "қазақы нақыштағы" шағын қонақ үй жобасы да жоспарланып отырғанын айтты.

Әкім Бозжырадан 20 шақырым жердегі Ақтау-Бекет ата асфальт жолы маңында қонақ үй салуды ұсынған сарапшылар ұсынысы ескеріле ме деген сұраққа да жауап берді.

— Біз бұл жағын экологтармен, қоршаған ортаны қорғау мамандарымен бірнеше рет талқылағанбыз. Сол себепті [құрылыс нысаны] Бозжырадан 20 шақырым емес - 1-2 шақырым жерге салынады. Алдағы уақытта бұл мәселені тағы да талқылаймыз. Инвесторларға жобаны таныстырғаннан кейін де қарастырамыз, - деді Тұрымов.

Ол сонымен бірге Бозжыра аумағында осыған дейін Қарақия ауданы әкімінің қаулысымен бөлінген 80 гектар жердің қалай пайдаланылатынын да айтып өтті.

— Инвесторға жобаны таныстырғаннан кейін біз оған қонақ үй сиятындай жер — яғни 4-5 гектар жер береміз. Біз тек қонақ үй аумағы үшін ғана жер бөлеміз. Басқа жер берілмейді. Қалған [74 гектар] жер мемлекеттік баланста қалады, — деді әкім.

Маңғыстау әкімінің мәлімдемесіне байланысты пікірін айтқан Қазақстандағы биоалуандықты сақтау қауымдастығына қарасты қолданбалы биология орталығының директоры Сергей Скляренко шатқалдан 1-2 шақырым жерге құрылыс нысанын жоспарлауға болмайтынын айтты.

— 1,5-2 шақырым дегеніңіз — түк емес. Бұл тым жақын, себебі нысан қалай орналасса да пейзажды құртса, жануарлар әлеміне әсер етсе, жарамайды. Ондағы топырақ ерекше "сезімтал". Қай сарапшылар мен ұйым мамандары жобаны қолдады екен, соны білгім келіп отыр, — дейді Сергей Скляренко.

Ол сонымен бірге Ақтау-Бекет ата трассасы маңында қонақ үй салудың не үшін тиімді екенін де түсіндірді.

- Бұл пейзажды құртпайды. Ол трассаға жақын - онда асфальт жол да бар, яғни коммуникацияны тарту үшін қаржы бөлудің қажеті де жоқ. Бұған қоса, туристердің барлық көрнекі жерлерге баруына ыңғайлы. "Қонақ үй - туристер ағынын реттеу үшін керек" дегені бос сөз, оның себебі қарапайым - адамдар бақылаумен айналысқысы келмейді. Бұл "қорықты қорғау үшін" қорық аумағында қала немесе қонақ үй салумен пара-пар. Өзге жолдармен де реттеуге болады, ал қонақ үй туристерді азайтпайды керісінше, көбейтеді. Бұл айдан анық нәрсе ғой, - дейді Скляренко.

Сарапшы сонымен бірге қонақ үй құрылысы жобасының ашық жариялануы тиіс екенін, қоғамдық тыңдауға мүдделі тараптардың барлығы қатысуы екенін, жобаның қоршаған ортаға зияны нақты бағалануы тиіс екенін жеткізді.

7 қарашада әлеуметтік желілер мен жергілікті БАҚ-та "Бозжырада құрылыс техникасы жүр" деген ақпарат тараған. Маңғыстау облысының әкімдігі "құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жоқ" деп мәлімдеді. Әкімдік дегенмен Бозжыра шатқалындағы қонақ үйді жобалау жоспары барын айтқан.

Қонақ үй салу туралы бастаманы Ақтауда Rixos Water World қонақ үйін салған компания көтерген. Rixos холдингісіне түрік кәсіпкері Феттах Таминджи ие. Оны түріктің ең ықпалды кәсіпкерлерінің бірі деп атайды.

Мәдениет және спорт вице-министрі Өркен Бисақаев аймақ тұрғындарымен талқылау кезінде қонақ үй "қоршаған ортаны қорғау үшін" керек деген.

17 қарашада қоғам белсенділері президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовқа ашық хат жазып, Бозжыра шатқалы мен Жылыған, Тамшалы сияқты табиғи орындарға "мемлекет бақылауындағы табиғи ескерткіш" статусын беруді талап етті.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласынан 300 километр жерде, Қарақия ауданы аумағында орналасқан. Үстірттің бұл бөлігі әктастардан құралған шөлді ландшафтардан, биіктігі 250 метрге жететін таңбалы тастардан тұрады. Бұл аумақтан тасқа айналған ұлу қабыршақтарын, теңіз кірпісін, белемнит деп аталатын былқылдақ денелілерді, тіпті мезозой дәуіріндегі Тетис мұхитында өмір сүрген акуланың тісін де табуға болады. Ежелгі мұхит орнында түзілген әктастар мен құздар Маңғыстаудың, жалпы алғанда Қазақстанның мақтан тұтар "жауһарына" айналған. Шатқалда палеолиттен бастап ерте орта ғасырға дейінгі кезеңге жататын археологиялық ескерткіштер шоғырланған.

Бозжыра шатқалы Маңғыстау облысындағы ерекше қорғалатын аймақтар тізіміне кіреді және аумағы 316 141 гектарды құрайтын Жабайұшқан мемлекеттік табиғи қаумалының бір бөлігі саналады. Жабайұшқан "Қызылсай" мемлекеттік табиғи паркіне қарайды. Табиғи паркке Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы жауапты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG