Accessibility links

БҰҰ комитеті белсенді Байтелованың шағымына қатысты шешім шығарды


Евгения Плахина, Жанна Байтелова және Валерия Ибраева (солдан оңға қарай) теңге девальвациясына наразылық білдірушілер жиналған орталық алаңда тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.
Евгения Плахина, Жанна Байтелова және Валерия Ибраева (солдан оңға қарай) теңге девальвациясына наразылық білдірушілер жиналған орталық алаңда тұр. Алматы, 16 ақпан 2014 жыл.

БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті 23 қарашада белсенді әрі журналист Жанна Байтелованың шағымы бойынша оң шешім шығарды. Байтелова алты жыл бұрын Алматыдағы бейбіт митинг кезінде полицияның ұстауына шағымданған. БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитеті Қазақстан билігі белсендінің ойын еркін айту және бейбіт жиынға шығу құқығын бұзған деген шешім қабылдаған.

2014 жылы 16 ақпанда Алматыдағы Республика алаңында Жанна Байтелова мен белсенді Евгения Плахина "әйелдердің шілтер ішкиіміне тыйым салуға" және девальвацияға қарсы акция кезінде ұсталған. Олар акция кезінде алаңдағы Тәуелсіздік монументіне әйелдің іш киімін қоймақ болған. Наразылық шарасына қатысқан Валерия Ибраева басына шілтер ішкиім киіп келген. Сол кезде Байтелова Азаттыққа мемлекет "девальвация жасау арқылы бізді соңғы ішкиімімізден айырды", "біздің не киетінімізді де сыртымыздан шешеді" деген. Сол уақытта БАҚ Кедендік одақ (кейін Еуразия экономикалық одаққа айналды) аумағында "регламентке сай емес" деп танылған шілтер ішкиімді шығаруға және сатуға шектеу қойылғаны жайлы жаппай жазып жатқан еді.

Алматы соты 16 ақпанда Байтелова мен шараға қатысқан екі белсендіге "ұсақ бұзақылық" жасады деп 10 АЕК (18520 теңге, сол кездегі курспен 100 доллар) айыппұл салған.

БҰҰ Адам құқығы комитетінің шешімінде "сот шешімі шыққанда залға журналистер мен бақылаушылар кіргізілмеді, айыпталушыларда адвокат болмады. Осы арқылы оны адвокат көмегіне жүгіну құқығынан айырды" деп жазылған.

Байтелова бүгін, 24 қарашада Facebook желісінде БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімі жайлы пост жазып, мемлекеттен құқығын бұзғаны үшін шығынын өтеуді талап ететінін жазды.

Комитет шешіміне сай, Қазақстан Халықаралық адам құқығы және саяси құқық пактісінің мүшесі ретінде шағым иесіне өтемақы мен сот шығындарын өтеп беруі тиіс. Құқық қорғаушылар БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комитетінің шешімін орындау міндетті десе, билік шешімді ұсыныс деп санайды. Шағымданушы шешімнің орындалуын талап етіп сотқа шағымдана алады.

2014 жылы 15-16 ақпанда теңгенің құнсыздануына қарсы Алматыда митинг өткен. Екі күнде қырықтай адам ұсталып, біреуі 10 күнге қамалды. Сот көбіне айыппұл салды. Билік бұл митингіні заңсыз деп тапты. Елде жұрт қандай да бір наразылық шарасын өткізем десе әкімдікке өтініш беріп, рұқсат алуы тиіс.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG