Accessibility links

Дариға Назарбаева әкесінің партиясы атынан мәжіліс депутаттығына ұсынылды


Дариға Назарбаева.
Дариға Назарбаева.

25 қарашада Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" съезі өтіп, партия мәжіліс пен мәслихат сайлауына ұсынатын кандидаттар тізімін бекітті. Олардың арасында бірінші президенттің қызы Дариға Назарбаева да бар. Ол "партиялық квота" (партия басшысы анықтайтын кандидаттар) бойынша ұсынылған 49 кандидаттың арасында тұр. Қалған 77 кандидат "партияішілік праймериз қорытындысы" бойынша анықталған.

Съезге сенаттан кеткелі бері көрінбей кеткен Дариға Назарбаеваның өзі де қатысып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, премьер-министр Асқар Мамин, мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин отырған ортадағы дөңгелек үстелде отырды.

"Нұр Отан" мәжіліс депутаттығына ұсынып отырған 126 кандидаттың арасында Назарбаевадан бөлек, "Ana tili" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжанов, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов, BTS Education компаниясының бас директоры Саясат Нұрбек, саясаттанушы Айдос Сарым, қазіргі мәжіліс депутаты Артур Платонов т.б адамдар бар.

Жиынға журналистер кіргізілмеді. Олар өзге ғимараттағы бөлмеге орнатылған монитордан жиынды бақылап отырды. Камерамен келген ақпарат құралдарына видео түсіруге тыйым салынды, тікелей эфирге шығуға рұқсат берілмеді. Партия қызметкерлері БАҚ өкілдеріне "өзіміз тарататын видеоны пайдаланыңыздар" деді.

Съезд өтіп жатқан партия кеңсесі шарбақтармен қоршалған. Аумақты әскери қызметкерлер бақылап тұр.

Бірінші президенттің қызы, 57 жастағы Дариға Назарбаева биыл мамыр айында сенат төрайымы қызметінен кеткеннен кейін көрінбеген еді. Жергілікті ақпарат құралдары содан бері оның бірді-екілі шарада ғана көрінгенін жазған.

Дариға Назарбаева 2019 жылы наурыз айында Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін доғарған соң мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші лауазым - сенат спикері қызметіне отырған болатын.

Сол кезде "Нұрсұлтан Назарбаев президент лауазымын Қасым-Жомарт Тоқаевқа бергенімен парламент сенатының спикері қызметіне Дариға Назарбаеваны тағайындау арқылы өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жатыр, болашақта Дариға Назарбаева президенттікке ұсынылуы мүмкін дейтін" жорамалдар тараған.

Соңғы кезде Дариға Назарбаеваның есімі Лондондағы қымбат мүліктерге қатысты даулар мен мақалаларда жиі аталған.

Қазақстанда мәжіліс және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Бұл 2019 жылы қызметінен кеткенмен тұтас мемлекет аппаратына ықпалын сақтап қалған, Қауіпсіздік кеңесінің "мәңгілік" төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев отставкасынан кейін алғаш рет өтетін парламент сайлауы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG