Accessibility links

Алматыда дезинфекция жасаушылар мен жүргізушілер наразылыққа шықты


Қоғамдық орындарды дезинфекциялайтын жұмысшылар жалақыларының кешіктірілгеніне шағымданады. Алматы, 25 қараша 2020 жыл.

Бүгін, 25 қараша күні Алматы қаласындағы көшелер мен тұрғын үйлерге короновирусқа қарсы дезинфекция жасап жүрген 40 шақты жұмысшы мен оларды таситын көлік жүргізушілері наразылыққа шықты. "Екі аптаға жуық ақшамызды ала алмадық" деген олар өздері келісім-шартқа отырған "Қала жарығы" компаниясын кіналайды. Ал жауапты мекеме өкілдері "әзірге ақша жоқ" дейді.

Жүргізуші Саят Тойбаев қаладан 100 шақырым қашықта жатқан Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылынан келіп-кетіп жұмыс жасайтынын айтады. Дезинфекция жасайтын қызметкерлерді ары-бері тасығаны үшін күніне 12 мың теңге алады екен. Қала ішінде әрі-бері жүріп тұруға кететін жанармайдың қаржысы мен таңғы, түскі асын да қалтасынан төлейтінін айтқан ол "алатын он екі мың теңгемнің жартысынан астамы соған кетеді" дейді.

- Таңғы сегізден кешкі жетіге дейін көлікті өшірмейміз. Өйткені қазір күн суық. Дезинфекция жасап жүрген балалар тоңады. Сондықтан олар көлікке келіп жылынып алу үшін машинаны өшірмейміз. Сондықтан бензинді көп пайдаланамыз. Қазір қарызға кіретін жайымыз жоқ. Жұмысқа келіп-кетуді өзі қиындады. Несиелеріміз тағы бар, - дейді Саят.

"Кейбір үйлердің ауласына барсақ "сендер вирус таратып жүрсіңдер" деп өзімізге тас атады" деп шағымданған жүргізушілердің айтуынша, қала ішіндегі бейнекамералардан келген айыппұлдар да көбейе түскен. Қала ішінде ақылы тұрақтардың көп екенін, бірақ тоқтайтын орын болмағандықтан кейде еріксіз тыйым салынған жерге тоқтауға мәжбүр болатындарын айтқан наразы жұмысшылар "қала әкімдігі бізден жұмыс істеуді талап етеді, бірақ мәселемізді шешіп бере алмады" дейді.

Жұмысшылар "Қала жарығы" деп аталатын компаниямен келісім-шартқа отырыпты. Ал компания Алматы қаласы әкімдігінен қаржы алады.

Өзін "Қала жарығы" компаниясының директорымын деп таныстырған Мейіржан Тоқтарақынның айтуынша, қазір компанияда төлейтін ақша жоқ.

- Келісім-шарт Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасымен жасалған. Қаланың бес ауданы бар. Жүргізушілер бар, дезинфекция жасайтыны бар - барлығы шамамен 400-дей адам жұмыс істейді. Осы күнге дейін дезинфекция жасап жатырмыз. Келісім-шарт бойынша біз актілерді дайындап өткіземіз. Актілер өткізілгеннен кейін тұрғын үй саясаты басқармасы бір айдың ішінде қаржыны дайындап беруі керек. Өзіміздің ақшамыз таусылды. Төлейтін шамамыз жоқ. Актілерді өткіздік. Шамамен келесі аптаның ішінде ақша түседі, - дейді компания басшысы.

Ал дезинфекция жасаушылар мен жүргізушілер ақша түскенге дейін жұмысқа шықпайтындарын айтады.

Осыған дейін Алматыда жедел жәрдем қызметкерлері де уақытында жалақы ала алмай отырғанын айтып, шағымданған еді.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG