Accessibility links

Эксгумация Аягөздегі интернатта көз жұмған балаларда жарақат болғанын анықтады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Аягөзде мүгедек балаларға арналған интернатта қайтыс болған төрт баланың денесіне эксгумация жасалғаннан кейін кемінде үшеуінің денесінен жарақат табылған.

Сараптама қорытындысын 24 қарашада Қазақстандағы бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин Facebook парақшасында жариялады.

  • Бірінші баланың (2006 жылы туған) миы зақымданған, торлы қабық астына қан құйылған, жабық бассүйек жарақаты анықталған;
  • Екінші баланың (2009 жылы туған) миы зақымданған, бас сүйегі соғылған, жабық бассүйек жарақаты анықталған;
  • Үшіншісі (2008 жылы туған) - миы зақымданған, торлы қабық астына қан құйылған, бас сүйегі зақымданған, жабық бассүйек жарақаты анықталған.

Қайтыс болған төртінші баланың денесіне жасалған сараптама жайлы айтылмайды.

Саин қайтыс болған балалар жүре алмайды, сол себепті олардың өздігінен жарақат алуы мүмкін емес деп санайды.

"Біз ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдап, эксгумация жасалғанға дейін қайтыс болған балалардың денесіне тексеру жүргізілді ме, жоқ па, соны сұрадық" дейді ол.

Омбудсмен Саинның айтуынша, ауыр дене жарақатын алу бойынша маусым айында қозғалған қылмыстық іс 30 қазанда ғана жеке өндіріске бөлініп, Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасына жіберілген.

Биыл Аягөздегі мүгедек балаларға арналған интернатта 2-29 сәуір аралығында 2006, 2008, 2009 жылғы үш ұл бала мен 2012 жылғы бір қыз бала қайтыс болған еді. Ішкі істер министрлігі 18 мамырда "медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін дұрыс атқармауынан болған екі не одан көп адамның өлімі" (Қылмыстық кодекстегі 317-баптың 4-тармағы) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Бастапқыда олар "қызылшадан қайтыс болды" деген болжам айтылды.

Мамырдың 20-сы күні Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат ол балалар "туабітті ауруларының асқынуынан" көз жұмды деген. Шенеунік қайтыс болған балалардың қатты жүдеуін де олардың сырқатымен байланыстырған.

Ал интернат қызметкерлері "істі ың-шыңсыз жабу" талпынысы болғанын айтып, облыс билігі мәселеден хабардар болғанмен "шара қолданбай отыр" деп шағымданған.

Былтыр орталықтағы балалардың "жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырағаны" жайлы видеосы ақпарат құралдарында тараған. Оған байланысты қозғалған қылмыстық іс "дәлелдердің жетіспеуіне" байланысты жабылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG