Accessibility links

Тәжікстанда оппозициялық саясаткерге іздеу жарияланды


Махмурод Одинаев.
Махмурод Одинаев.

Тәжікстанның батысындағы Гиссар қаласының полициясы Тәжікстан социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Махмурод Одинаевқа іздеу жариялады. Өткен демалыста Душанбе мэриясына азық-түлік бағасын арзандатуды талап етіп, митинг өткізуге рұқсат сұраған оппозициялық саясаткерді содан бері туыстары да таба алмай отыр.

Гиссар қалалық полициясындағы дереккөзге сүйенген Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, 24 қарашада Одинаевты "ұлының бұзақы әрекетіне байланысты" полицияға шақырған. Саясаткер бөлімшеге келмегеннен кейін оған іздеу жарияланған.

Тәжікстан ІІМ Махмурод Одинаевтың ұлының үстінен "Бұзақылық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растайды. Министрліктің мәліметінше, саясаткердің ұлы ауылдық жердегі мейрамхана маңында "мас күйінде бір қызды ұрып-соқты" деген күдікке ілінген.

Одинаев былтыр қазан айында белгісіз біреулердің ұлына шабуылдап, мұрнын сындырып, бассүйек миын зақымдағанын айтқан. Сол кезде саясаткер "билік осылайша мені және өзге де үкімет сыншыларын қорқытқысы келеді, бізге саяси белсенділігімізді доғарсын деп отыр" деп мәлімдеген еді.

Саясаткердің туыстары жақында Одинаевтың тағы бір ұлының да ұсталғанын айтып отыр.

Польшадағы тәжік оппозиционерлері Одинаевты Тәжікстанның күштік құрылымдары ұрлап әкетуі мүмкін деп те болжайды. Бірақ Душанбе бұл тақылеттес мәлімдемелерге реакция білдірген жоқ.

Із-түзсіз жоғалардан бұрын Махмурод Одинаев Facebook-тағы парақшасында Душанбе мэріне шығып, президент сарайы алдында акция өткізуге рұқсат беруді сұраған. Билік ресми түрде жауап бермеген.

Туыстары соңғы бірнеше күнде ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері мен милицияның өздерін ұстап, Одинаев жайлы сұрағанын айтып отыр. Ал ІІМ мұны жоққа шығарған.

Тәжікстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Рахматилло Зойиров те саясаткердің қайда екенін білмейді.

"Біз оның қайда екенін және не болғанын анықтауға тырысып жатырмыз, әзірге нәтиже жоқ" деді ол.

Махмурод Одинаев ұзақ уақыт тұтқындардың құқықтарын қорғаумен айналысқан, соңғы бірнеше жылда Тәжікстан социал-демократиялық партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келеді. Ол әлеуметтік желіде Тәжікстан құқық қорғау органдарының әрекетін жиі сынайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG