Accessibility links

Түркияда "төңкеріс жасамақ болғандар" өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді


Түркия полициясы Стамбұлдағы Таксим алаңында солдаттарды тұтқындап жатыр. 16 шілде, 2016 жыл.
Түркия полициясы Стамбұлдағы Таксим алаңында солдаттарды тұтқындап жатыр. 16 шілде, 2016 жыл.

Түркия соты бейсенбіде 2016 жылғы төңкеріс жасау ұмтылысына қатысты тағы бір үкім шығарды.

Бүлік жасамақ болған жалпы саны 400-ден астам адамға айыптау үкімі шықты. Ішінде біраз адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олардың дені 15 шілдеге қараған түні үкімет ғимараттарын нысанаға алған ұшқыштар мен армия қолбасшылары.

Тұркиялық Anadolu агенттігінің хабарлауынша, өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар арасында бұрынғы полковник Вейсел Кавак бар. Ол сол тұста Түркияның Әскери әуе күштері қолбасшылығының хатшысы қызметін атқарған. Әскери әуе күштерінің бұрынғы майоры Али Карабулут пен бұрынғы әскери ұшқыш Хусейн Түрк те өмір бойына бас бостандығынан айрылды.

Сот "төңкеріс ісіне" қатысты бір эпизодты – бүлікшілердің Анкара маңындағы Акынджи әуе базасын басып алу әрекетін қарастырды. Сол кезде бүлікшілер президент Режеп Тайып Ердоғанды қолдайтын командирлер, соның ішінде қазіргі қорғаныс министрі Хулуси Акарды кепілге алған. Төңкеріс әрекеті іске аспаған соң кепілдегілер босатылған.

15 шілдедегі оқиғалар кезінде жалпы 250-ге тарта адам қаза тапты. Әскердегі топтың президент Ердоғанды орнынан кетіру әрекеті сәтсіз аяқталды. Түркия басшылығы бұл бүлікті АҚШ-та тұратын діни қайраткер Фехуллах Гүлен ұйымдастырды деп санайды. Гүленге қарсы бөлек сот ісі жүріп жатыр. Анкара оны АҚШ-тан экстрадициялауға күш салып келеді. Жалпы Түркияда Гүленге, бүлік ұйымдастыруға қатысы бар деген күдікпен 100 мыңдай адам тұтқындалды, армия мен мемлекеттік аппаратта жаппай "тазарту" жүрді. Бұған дейін соттар өмір бойы бас бостандығынан айыру бойынша 2500-дей үкім шығарды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG