Accessibility links

Шымкент соты "қатарластарының қолынан қаза тапқан" жасөспірімнің ісін қарай бастады


Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот залынан. 26 қараша, 2020 жыл.

26 қарашада Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот көрші ауылдың балалары сабап, кейіннен ауруханада көз жұмған Абзалбек Өткіровтің ісі бойынша сот тергеуін бастады. Айыпталушы ретінде 16-18 жастағы алты адам жауап беріп жатыр. Бұл туралы сот процесіне қатысқан Азаттық тілшісі хабарлады.

Іске сотталушылар Нұржан Ибраев, Жанболат Үсіпбаев, Әмірхан Оңғар, Төребек Барат, Абылайхан Турашев, Нұрдәлет Амангелді тергеу изоляторынан онлайн режимде қатысты. Марқұм Өткіровтің анасы Гүлбаршын Барлыбаева мен ағасы Алмас Өткіров, марқұм Өткіровпен бірге оқиға орнында болып, таяқ жеген жәбірленушілер Дулат Қамытбек, Ернар Спатаев пен олардың қорғаушылары, ата-анасы, сотталушылардың ата-анасы мен қорғаушылары, прокурор қатысты.

Сотталушылар мен жәбірленушілердің ең үлкені – 18, кішісі – 16 жаста. Ешқайсысы бұрын сотты болмаған. Сотталушылар Маятас ауылында, жәбірленушілер көрші Тоғыс тұрғын алабында тұрған. Сотталушылардың екеуі – студент, төртеуі – мектеп оқушысы. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің "Бұзақылық" және "Денсаулыққа қасақана ауыз зиян келтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалған.

Сотталушылар мен жәбірленушілердің жеке бас мәліметтерін анықтаған соң қорғаушылардың талап-тілегі бойынша судья Дәурен Сайханов тараптардан сот тергеуіне журналистерді қатыстыру туралы сұрады. Сотталушылар мен олардың заңды өкілдері отырыс жабық өтсін деді. Кей қорғаушылар мен прокурор мұны соттың қарауына қалдырды. Жәбірленушілер істің ашық өтуін сұрады. Жәбірленуші Алмас Өткіров "сот жабық өтсе сотқа сенімсіздік білдіретінін" жеткізді. Кеңесу бөлмесінен жарты сағаттан соң шыққан судья істі ашық өткізуге қаулы шағарды.

Прокурор Нұрбол Жақсылықтың айыптау актісінде сотталушылар мен олардың таныстары жәбірленушілермен арадағы "келіспеушілікті шешу үшін алдын ала сөз байласып, қасақана қылмыс жасаған" деп жазылған.

Сотталушылар Ибраев пен Үсіпбаев тағылған айыпты ішінара мойындайтынын, қалған төртеуі мойындамайтынын айтты.

Шымкенттің 17 жастағы тұрғыны Абзалбек Өткіровті 23 мамырда бір топ қатарласы өлімші етіп сабап, ол он күннен соң ауруханада көз жұмған. Іс сотқа 2020 жылдың 10 қазанында түскен.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG