"17 мыңнан астам қазақстандықтың қаржысын алаяқтық жолмен иемденген" деп айыпталған "Гарант 24 Ломбард" және "Выгодный займ" ұйымдарына қатысты тергеу аяқталып,56 адамға айып тағылды. Тергеп-тексеру Ақтөбе қаласында өткен. Бұл туралы 27 қараша күнгі онлайн брифингте Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Жанболат Әбдірайымов айтты.
Әбдірайымов "Гарант 24 Ломбард" пен "Выгодный займ" ұйымдарының әрекетінен Қазақстанда 17 162 адам зардап шеккенін айтады. Оның үш мыңнан астамы – Ақтөбе қаласының тұрғыны. Тергеу жәбірленушілердің 30 млрд 220 млн теңгеден астам шығынға ұшырағанын анықтаған.
- "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ" ұйымдарына қатысты қылмыстық іс бойынша 56 адамға айып тағылып, оның алтауына халықаралық іздеу жарияланды. Айыпталушылардың 33-і Ақтөбедегі тергеу изоляторында отыр. Қалғандары үйқамақта я ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр. Қаржы ұйымын құрып, оған жетекшілік еткен негізгі айыпталушылар ақтөбеліктер болғандықтан бұл іспен Ақтөбе облыстық полиция департаменті айналысты, - деді ол.
Әбдірайымовтың сөзінше, "Гарант 24 Ломбард" пен "Выгодный займ" құрылтайшылары мен осы ұйымның жұмысында белсенділік танытқандар "қаржы пирамидасын құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне араласты", "алаяқтық жасады", "заңсыз банктік қызметпен айналысты" деген бірнеше айып тағылған.
Тергеу дерегінше, "Гарант 24 Ломбард" пен "Выгодный займ" құрылтайшылары алдымен Ақтөбеде жұмыс істеп, кейін Қазақстанның өзге өңірлерінен филиалдарын ашқан. Жанболат Әбдірайымовтың сөзінше, ұйым жетекшілерінен құны 3 млрд теңгенің мүлкі тәркіленген.
17 мыңнан астам адам жәбірленуші деп танылған қылмыстық іс жуырда сотқа жолданады.
- Сот бұл істі әділ қарап, салымшылардың ақшасын қайтарады деп үміттенемін. Мысалы, мен үш бөлмелі үйімді банкке кепілдікке қойып, банктен алған 5 млн 800 мың теңгемді "Гарант 24 Ломбардқа" салдым. Одан бөлек, "Выгодный займда" 1 млн теңгем бар. Үш баланың анасымын, Ақтөбедегі ауруханалардың бірінде санитар болып жұмыс істеймін, - дейді Айгүл Төлеева есімді салымшы.
Тағы бір жәбірленуші Айгүл Ахметқалиева ақтөбелік салымшылардың алаяқтардан тәркіленген мүліктің бірқатарын тауып, тергеуге көмектескенін айтады.
- Бұл іс жуық арада аяқтала қоймас. Өйткені айыпталушы да, жәбірленуші де көп. Шығын көлемі де аз емес. "Гарант 24 Ломбард" ұйымында менің 10 млн теңгем бар. Ақшамды қайтарып аламын деген үмітім де жоқ емес. Бірақ жуық арада емесін ішім сезеді, - дейді жәбірленші Айгүл Ахметқалиева.
Биыл ақпан-наурызда Қазақстанның әр аймағында осы үш компанияға ақша салған салымшылар қаржыларын қайтара алмай жүргенін айтып, биліктен көмек сұраған. Салымшылар компаниялардың кеңсесіне барып, ақшаларын қайтаруды талап еткенімен нәтиже шықпаған.
Ақпанда Қазақстан ішкі істер министрлігі тұрғындар шағымы бойынша қаржы пирамидасымен айналысатын "Гарант 24 Ломбард", "Выгодный займ" және "ESTATE Ломбард" компаниясы құрылтайшыларына қатысты 22 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған еді.
27 қараша күнгі брифингте Жанболат Әбдірайымов "ESTATE Ломбард" компаниясына қатысты қылмыстық істің әлі де тергеліп жатқанын айтты.
ПІКІРЛЕР