Accessibility links

АҚШ мемхатшысының көмекшісі Ройс Қазақстанға сапары кезінде Шыңжаңда лагерьде болғандармен кездесті


АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Мари Ройс (сол жақтан санағанда төртінші) Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан және туыстары Қытайда қалып қойғандармен кездескен сәт.
АҚШ мемлекеттік хатшысының көмекшісі Мари Ройс (сол жақтан санағанда төртінші) Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан және туыстары Қытайда қалып қойғандармен кездескен сәт.

АҚШ мемлекеттік хатшысының білім және мәдениет бойынша көмекшісі Мари Ройс Қазақстанға сапары кезінде Шыңжаңдағы лагерьде отырып шыққан және туыстары Қытайда қалып қойған қазақтармен және ұйғырлармен кездесті. Бұл туралы 27 қарашада АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі хабарлады.

Ройс кездесуге келгендерге "Шыңжаңда көрген қиындықтарын, Қытайдың қорлығын қорықпай ашық айтқаны үшін" алғыс білдірді. Ол Шыңжаңда қысым көргендердің айтқаны Қытайға халықаралық қысымды күшейтіп, адам құқығын бұзуды тоқтатуға көмектеседі деп санайды.

"Біз сіздерді қолдаймыз. Қытай билігін адам құқығын бұзуды тоқтатуға, Шыңжаңдағы мұсылмандар мен түркі халықтарының дінін мойындап, мәдениетін мойындауға шақырамыз. Бүгін сіздердің бастан өткізген қиындықтарыңызды естідім, Шыңжаңда не болып жатқанын басқа адамдар біліп түсіну үшін көппен бөлісемін" деді Ройс.

Вашингтон кейінгі уақытта Шыңжаңдағы лагерьлерде ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандардың құқығы бұзылып жатыр деп Қытайға қысымды күшейткен.

АҚШ бастаған батыс елдері және БҰҰ Пекин 2017 жылдан бастап Шыңжаңда бір миллионнан астам мұсылманды лагерьге және түрмеге қамап, азаптап, өз тілі мен дінінен бас тартуға мәжбүрлеп жатыр деп санайды.

Қытай бұл Шыңжаңдағы орталықтарды терроризм мен экстремизммен күрес үшін ашылған "қайта тәрбиелеу және кәсіп меңгеру орындары" деп атайды. Пекин 2014-2019 жылдары мұндай орталықта 7,7 миллиондай адам "кәсіп меңгеріп" шыққанын, қазір орталықта ешкім қалмағанын мәлімдеген.

Бірақ Австралия стратегиялық саясат институтының (ASPI) 24 қыркүйекте жариялаған зерттеуінде Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі мұсылмандарды ұстайтын лагерьлері 40 пайызға артқаны айтылады.

Биыл шілдеде АҚШ Шыңжаңдағы мұсылмандарды қудалауға қатысы бар деп Қытайдың Коммунистік партиясының қазіргі және бұрынғы өкілдеріне, қытайлық ірі компанияларға санкция салған.

АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин Американың "барлық қаржылық мүмкіндігін" пайдаланып, Шыңжаңдағы адам құқығын бұзғандарды жауапқа тартатынын айтқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео биыл 27 қазанда Үндістанға барған сапарында The Print сайтына "Қытайдың қазіргі әрекеті 1930 жылдары Германияда болған жайттарды еске салады" деді.

Биылғы президент сайлауда жеңіске жеткен демократ Джо Байден Қытайдың әрекеттерін геноцид деп атап, президент болса Трамп әкімшілігінен де қатаң шара қолдануға уәде берген.

Батыс елдері Қытайдан Шыңжаңға тәуелсіз сарапшыларды кіргізуді талап етеді. Пекин Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің ресми өкілдерін кіргізбей отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG