Accessibility links

Кашмирге ондаған мың әскер кіргізіліп, сайлау басталды


Кашмирдегі жолды күзетіп тұрған Үндістан әскерилері.
Кашмирдегі жолды күзетіп тұрған Үндістан әскерилері.

Үндістан бақылауындағы Кашмир аймағында 28 қарашада жергілікті сайлаудың бірінші кезеңі өтіп жатыр. Соған байланысты аймақта қауіпсіздік барынша күшейтілген.

Өткен жылы Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің националист үкіметі мұсылманы басым аймақты жартылай автономия мәртебесінен айырып, бөлек конституциясының күшін жойып, екі федералдық аймаққа бөлген. Сол өзгерістен бері Кашмир аймағында алғаш рет сайлау болып жатыр.
Бұл шешімге қарсылық көрсеткендерді үкімет қатаң жазалады, комендант сағатын енгізіп, байланысты ажыратуға дейін барды.

Сайлау кезінде тәртіп сақтау үшін онсыз да әскер көп аймаққа басқа өңірлерден қосымша ондаған мың қарулы солдат жеткізілді.

Кашмирдің Үндістанға бағынғанын қаламайтын сепаратистер бұл сайлау легитимді емес деп, оған бойкот жариялауға шақырған.

Аймақтың сайлау комиссиясының басшысы К.К.Шарма "демократияның ең үлкен фестиваліне қатысып", дауыс беруге шақырды.

280 орындық Аймақты дамыту кеңесінің мүшелерін сайлау 8 кезеңнен тұрады, жоспар бойынша ол 19 желтоқсанда аяқталады.

Кеңес мүшелері экономикалық дамуға және әлеуметтік мәселелерге жауапты, бірақ олардың заң шығару құқығы жоқ.

Үнді түбегінде британ билігі аяқталған соң Пәкістан мен Үндістан екіге жарылған 1947 жылдан бері екі мемлекет Кашмир аймағы үшін таласып келеді. Екі ел де оны өз жері деп санайды.

1989 жылдан бері аймақта Үндістан билігіне қарсы қарулы топтар бүлік шығарып келеді. Кашмирдегі мұсылмандардың көбі аймақтың Пәкістанға қосылғанын немесе дербес елге айналғанын қалайды.

Нью-Дели Кашмирдегі қарулы топтарды "Пәкістан қолдап отырған террористер" деп атайды. Пәкістан ол топтарға қатысы жоқ екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG