Accessibility links

Иран физик-ғалымды өлтірді деп Израильді кінәлап, "кек алуға" уәде берді


Мохсен Фахризаде
Мохсен Фахризаде

Иран президенті Хасан Роухани мемлекеттік телеарнадан сөйлеген сөзінде ядролық ғылымға маманданған физик Мохсен Фахризадені өлтірді деп Израильді айыптады. Мұның алдында елдің сыртқы істер министрлігі де ғалымның өліміне "Израильдің қатысы бар" деген. Ислам республикасы басшысының әскери кеңесшісі Хосейн Дехкан бұл қастандық үшін кек алатындарын мәлімдеген.

Иран ядролық бағдарламасы басшыларының бірі Аизик Мохсен Фахризаде Тегеран маңында қастандықпен өлтірілді. Елдің Fars ақпарат агенттігінің хабарлауынша, алдымен оқиға орнында жарылыс болып, содан соң автоматтан оқ атылған. Ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, белгісіз адамдар Фахризаде отырған көлікке оқ атқан. Физик ғалым жарақат алып, ауруханаға жеткізілген соң көз жұмған.

Фахризаде бұрын Ислам революциясын қорғаушылар корпусында қызмет еткен, Иран қорғаныс министрлігінде жоғары лаузымдарда болған және физикалық зерттеу орталығын басқарған. БҰҰ-ның Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі 2004 жылғы қарарында оның есімі алғаш рет аталады.

Азаттықтың Иран қызметі соңғы жылдары баспасөзде Израильдің Фахризадені өлтіруге тырысқаны жөнінде ақпарат шыққанына назар аударады. Бұдан бұрын Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Фахрезаде ядролық оқтұмсық жасау жөніндегі құпия бағдарламаны басқарады деген.

Израиль басшылығы әзірге бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Батыс елдерінің барлаушылары 1980 жылдардың соңынан бастап Иранның құпия ядролық бағдарламасы бар екенін айтып келеді. Бірақ 2009 жылдан бері Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) сарапшылары бұған ешқандай айғақ тапқан жоқ. Тегеран тек бейбіт мақсаттағы ядролық бағдарлама жасап жатқанын айтумен келеді.

  • 2015 жылы АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия және Франция Иранмен ядролық келісімге келген. Иран халықаралық санкцияларды алып тастаған жағдайда ядролық қару жасауға жетерлік деңгейде уран өңдеуден бас тартуға уәде берген.
  • 2018 жылы АҚШ бұл келісімнен өз бетімен шығып, Иранға қарсы санкцияны күшейте түсті. Осындай қысымның көмегімен Вашингтон Тегеранды жаңа келісімге қол қоюға көндіруге тырысқан. Ол келісім тек ядролық бағдарлама емес, зымыран жасауды да қатысуы тиіс еді.
  • Батыс барлаушылары "Иран бомбасының атасы" деп атап жүрген Фахрезаденің өлтірілуі АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байденнің Иранмен арада дипломатиялық қатынасты жақсарту ниетіне кедергі жасауы мүмкін. Байден Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келісімге қайта қосылуға тырысатынын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG