Accessibility links

Бішкекте Конституцияны өзгертуге қарсы тағы бір бейбіт шеру өтті (видео)


Қырғыз конституциясын қорғауға шақыратын бейбіт шеру. Бішкек, 29 қараша 2020 жыл.
Қырғыз конституциясын қорғауға шақыратын бейбіт шеру. Бішкек, 29 қараша 2020 жыл.

29 қараша күні Бішкекте жүздеген адам конституцияны өзгертуге қарсы бейбіт шеруге шықты. Дәл осындай шеру 22 қараша күні де болған.

Митингшілер өткен аптадағыдай Бішкек орталығындағы теміржол вокзалы ғимаратының алдында жиналып, Эркиндик даңғылымен "Ала-Тоо" алаңына барды. Жиналғандар "Менің конституциям = еркіндік!", "Референдум – бұл заңсыз" деген сияқты жазуы бар плакаттар ұстады.

Қырғыз парламенті – Жогорку Кеңеш 17 қараша күні қоғамдық талқыға конституцияның жаңа жобасын шығарды. Парламенттің 80 депутаты конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум тағайындау туралы бастама көтерді. Кейінірек кей депутаттар бастамаға қатысын жоққа шығарып, құжатты көрмегенін, оған қол қоймағанын айтты.

Бастапқыда биліктің конституциялық референдумды 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленген президент сайлауымен бірге өткізуді жоспарлап отырғаны туралы хабар тараған. Бірақ кейіннен премьер-министр міндетін атқаруды уақытша тоқтатқан Садыр Жапаров президенттік сайлаумен бірге алдымен елді басқару жүйесі (президенттік не парламенттік басқару жүйелері) жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Ал жаңа конституцияның жаңа жобасын бірнеше ай талқылау болады, деді ол.

Ұсынылып отырған конституция жобасында президент құзыреті кеңейтіліп, Халық құрылтайы дейтін жаңа институт енгізілген. Жобада президенттің мемлекет басшысы екені және оның атқарушы билікке жетекшілік ететіні, бес жылдық екі мерзімге сайлана алатыны жазылған. Ол сондай-ақ үкімет құрылымы мен құрамын анықтайды. Ал парламент депутаттарының саны 120-дан 90-ға дейін қысқарады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG