Accessibility links

Еуропада Covid-тен өлгендер 400 мыңнан асты, АҚШ-та бір айда 4 млн науқас тіркелді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

28 қараша күні Еуропада коронавирустан қайтыс болғандар саны 400 мыңнан асты. Пандемия басталғалы сегіз ай өтсе, осы аралықта Еуропада Covid ауруынан 400 949 адамның өлімі тіркелген. Бұл туралы Аурудың алдын алу және қадағалау жөніндегі еуропалық орталық хабарлады. Коронавирус инфекциясын жұқтырып қайтыс болғандар жөнінен көш басында Ұлыбритания (57 551), Италия (53 677), Франция (51 914), Испания (44 668) және Ресей (39 068) тұр.

Вирус жұқтырғандар саны 13 миллионнан асқан АҚШ-та тек қараша айының өзінде 4 миллион Covid науқасы анықталған. Айдың аяқталуына әлі екі күн бар. Бұл – қазан айындағы рекордтан екі есе жоғары көрсеткіш. Елде орташа есеппен күніне 1,5 мыңға жуық адам коронавирустан көз жұмып жатыр. Қайтыс болғандардың жалпы саны 266 мыңнан асып қалды. Ауруханаға жатқызылғандар саны алғаш рет 90 мыңнан асты. Бұл көптеген штатты шектеу шараларын күшейтуге мәжбүрледі.

"Біз апатқа жақындап келеміз" деді CNN­-ге Джордж Вашингтон университетінің шақырылған профессоры Леана Вен. "АҚШ-та қайтыс болатындардың тәулік саны жуық арады 2 мыңнан, бәлкім 3 мыңнан, 4 мыңнан асуы мүмкін".

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жаңа туған нәрестенің әке де, шешесі де коронавирустан қайтыс болып, отбасынан тұтас айырылған. Жасанды тыныс алу аппаратына қосылған әйел босанған күні көз жұмған. Ал сәбидің әкесі одан үш күн бұрын қайтыс болған. Ресейде індет басталғалы 2 миллион 249 мың адамның вирус жұқтырғаны расталған. Оның 39 мыңнан астамы қайтыс болған, 1 миллион 746 мыңы жазылып шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG