Accessibility links

#CancelElbasy. Алматыда экс-президент Назарбаев жайлы баннер ілінді


Алматыдағы Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойына ілінген баннер. 1 желтоқсан 2020 жыл.

1 желтоқсанда, елде Тұңғыш президент күні, Алматыда белгісіз біреулер "Адам атына 47,3 млрд теңге жұмсады" деген жазу бар баннер ілді. Нұрсұлтан Назарбаев көшесінің бойындағы ұзындығы он метр баннерде #qazaqkoktemi және #cancelelbasy хэштегтері жазылған.

Акция ұйымдастырғандардың кім екені белгісіз, бірақ 1 желтоқсан күні таңертең Rukh2k19 оппозициялық белсенділер тобы Instagram желісінде баннер суретімен жазба жариялады.

Rukh2k19 парақшасындағы жазба авторлары "2019 жылы 23 наурызда үкіметтің халық пікірімен ескерместен Қазақстан астанасы мен орталық көшелерінің атын өзгерткенін ұмытқан жоқпыз. Түрлі дерек бойынша, Назарбаев атын "жұрт жадынан өшірмеуге" 47,3 млрд теңге жұмсалған. Бұл күнді Назарбаев пен оның нөкерлері мереке ретінде тойлап жатқанда ел азаматтары оның жеке басына табынуға қалай нүкте қоюға боларына бас қатырып отыр" деп жазады. Rukh2k19 авторлары "әрбір қазақстандық мемлекет ісін реттеуге қатысуға хақы бар" деп есептейді және "жұрт құқығы мен еркіндігі сақталуы тиіс" деп санайды.

"Ортақ үйімізде заң алдында бәрі бірдей. Сондықтан "[Қазақстанның тұңғыш президенті] – Елбасы жайлы" заңның күші жойылуы керек" – деп жазады белсенділер.

Қазақстанда 1 желтоқсан Тұңғыш президент күні мемлекеттік мереке саналады. Сынаушылар бұл күнді елді 30 жыл басқарып, былтыр президенттіктен кеткен, бірақ билікке ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың "жеке басына табыну көрінісі" санайды. Жақтастары бұл датаны "экс-президентке құрмет белгісі" деп есептейді.

1 желтоқсан қарсаңында Instagram қолданушылары #cancelelbasy хэштегімен жазба жариялай бастады. Олардың бірі "Қазақстандағы мектеп, колледж бен университеттерде апта бойы тұңғыш президент күні қарсаңында ашық сабақтар өтіп жатыр. Маған да оқу орнымда экс-президенттің жетістіктері туралы презентация істеуді тапсырды. Бұл тапсырманы орындамаймын. Оным үшін жазаланатынымды да білемін. Бұл ақылға сыймайды" деп жазады.

Баннер ілінген көшеге былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен Назарбаевтың аты берілген. Қазақстанда экс-президент атында әуежай, университет, кітапхана, мектептер желісі, ірі қалалардағы орталық көшелер бар. Оған арналған ескерткіштер қойылып, Назарбаевтың өмірі туралы фильмдер мен кітаптар жарық көрген.

Сарапшылар Назарбаевтың президенттіктен кеткенімен, мемлекеттік билікке әлі ықпал жасап отырғанын айтады. Ол Конституциялық кеңесті өмір бойы басқара алады деп заңда бекітілген. Назарбаев басқаратын биліктегі "Нұр Отан" партиясы парламент мәжілісінде көпшілік дауысқа ие. Оған Қазақстанда өзін заң жүзінде қудалаудан қорғайтын, дүние-мүлкіне қол сұғылмауына кепілдік беретін "ұлт көшбасшысы – елбасы" мәртебесі берілген.

Назарбаевтың Қазақстандағы және шетелдегі сыншылары оны өзіне қарсы пікірді басып-жаншып, билігін асыра пайдаланды дейді. Ол Қазақстанды отыз жылдай басқарғанда жақындары ең бай әрі ықпалды адамдарға айналды.

Назарбаевқа ескерткіш орнату, көше атын беру жеке басқа табыну ма әлде құрмет пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:38 0:00

  • 16x9 Image

    Аян ҚАЛМҰРАТ

    Аян Қалмұрат - Азаттықтың Алматы бюросында 2017 жылдан бері тілші. Тұран университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Бұрындары 7kun.kz ақпарат агенттігі мен "Жас Алаш" республикалық қоғамдық-саяси газетінде жұмыс істеген. 

     

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG