Accessibility links

Қырғызстан жоғарғы соты Атамбаевқа Батукаев ісі бойынша шыққан үкімнің күшін жойды


Алмазбек Атамбаев (оң жақта) сот залында
Алмазбек Атамбаев (оң жақта) сот залында

Қырғызстан жоғарғы соты елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаевқа тағылған қылмыстық топ жетекшісі Азиз Батукаевты заңсыз босатты деген айыптың күшін жойды. Іс Бішкек қаасындағы Первомайский аудандық сотына қайта қарауға жіберілді. Бұл туралы Азаттықтың Қырғыз қызметіне Атамбаевтың адвокаты Замир Жоошев хабарлады. Оның сөзінше, аудандық соттың алғашқы отырысында Атамбаевты үйқамаққа шығару я қамауда қалдыру қарастырылады.

"Біз Жоғарғы соттан төменгі инстанцияның үкімін жойып, істі қайта қарауға жіберуді сұрадық. Біздің өтінішіміз қанағаттандырылды. Енді істі басқа судья қарайды" деді қорғаушы.

Азиз Батукаев адам өлтірді, заңсыз қару дайындады, жаппай бассыздықтар ұйымдастырды деген айыппен 2006 жылы 16 жыл сегіз айға сотталған. Ал 2013 жылы ол "айықпас дертке шалдыққан" деп қамаудан босаған. Кейін медициналық анықтамасы заңсыз екені анықталған. Батукаев түрмеден шыққан соң Қырғызстаннан кетіп қалған.

2019 жылы қаңтарда Қырғызстан ІІМ Батукаевты заңсыз босату ісін ашып, тергеу жүргізген. 2020 жылы маусымда Бішкектегі Первомайский аудандық соты осы іс бойынша Атамбаевты 11 жыл екі айға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеу туралы шешім шығарған.

Осы іс бойынша елдің бұрынғы бас прокуроры Индира Жолдубаеваға бес миллион сом (59 мың доллар) айыппұл салынып, ол барлық атағы мен марапатынан айырылған.

Атамбаев тамыздан бері қамауда отырған. Биыл 6 қарашада парламент сайлауы нәтижесіне қарсы наразылық кезінде Атамбаевтың жақтастары оны қамаудан шығарып алған. 10 қарашада ол Бішкектегі наразылық кезінде қайта ұсталып, қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG