Accessibility links

Қырғызстан ұлттық банкі доллар курсын ұстап тұру үшін интервенция көлемін көбейтті


Қырғыз сомы
Қырғыз сомы

Қырғызстан ұлттық банкі 30 қарашада елдің қаржы нарығында 16,1 млн доллар сатып, интервенция жасады. Бұл кейінгі екі аптадағы ең ірі сома болды.

Осылайша Қырғызстан ұлттық банкі бір доллар құнын 85 сомнан асырмай ұстап тұр. Қазір елде ақша айырбастау пунктерінде 1 доллар 84,9 сомнан (425,9 теңге) сатылып жатыр.

Қырғызстанда доллар қазанның ортасынан күрт қымбаттай бастады. Бір айдың ішінде бір доллар 79 сомнан 84,9 сомға дейін өсті. Ұлттық банктің 1 желтоқсанға бекіткен ресми курсы 84,79 сомды құрайды.

Қырғызстан ұлттық банкі доллар курсының ауытқуын реттеу үшін интервенция жасайды. Доллар құны өсіп кетсе, ұлттық банк нарыққа долларды көптеп шығарып, валютаны сатуға ұсынады. Ал доллар құны түсіп кетсе, сұранысты орындау үшін оны сатып алады.

Пандемия мен саяси оқиғалар Қырғызстан экономикасын үлкен соққы болды. Соның салдарынан биыл бюджетке кеден мен салықтан 30 млрд сом кем түседі. Бұған қоса, мемлекеттік қарызды төлеу шығындары өсіп барады. 2021 жылы кредитті қайтару үшін Бішкекке 400 млн доллар қажет. Жыл қорытындысы бойынша Қырғызстан бюджетінің дефициті 35 млрд сом болмақ.

Қырғызстан үкіметінің есебінше, 2021 жылы бюджет түсімі 163 млрд 26 млн сомды, ал шығын 170 млрд 64 млн сомды құрайды.

Қырғызстан премьер-министрінің міндетін атқарушы Артем Новиковтың сөзінше, үкіметтің негізгі міндеті – экономиканы тұрақтандырып, экспорттық өндірісті дамыту және бизнесті қолдау.

- Бізге өз қаржымызға өмір сүруді және ішкі ресурстарды пайдаланып үйрену керек. Сондықтан Бюджет кодексіне норма бекітіп, келер жылдың шығыны өткен жылдың шығынынан асып кетпеуін қадағалауымыз қажет. Сыртқы көмек экономиканы дамытуға жұмсалады және оны кейін қайтаруымыз керек, - деді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG