Accessibility links

Депутат Әлтаев "партия беделіне нұқсан келтіргені" үшін "Нұр Отаннан" шығарылды


Нұржан Әлтаев.
Нұржан Әлтаев.

Өткен аптада жаңа партия құратынын мәлімдеген Нұржан Әлтаев "Нұр Отаннан" шығарылып, депутаттық мандатынан да айырылды. 2 желтоқсанда орталық сайлау комиссиясы оның партия құрамынан шығарылып, депутаттық өкілеті тоқтағаны жайлы қаулы жариялады.

Мәжіліс депутаты, “Нұр Отанның” партиялық бақылау комитетінің жетекшісі Павел Казанцев Facebook-тағы парақшасында оның "партия беделіне нұқсан келтіргені үшін" саяси ұйымнан шығарылғанын жазды.

Казанцевтің айтуынша, "Нұр Отанның" партиялық бақылау комитетінің отырысында Әлтаев әрекетінің партия жарғысы мен этика кодексіне сәйкес-сәйкес еместігі мәселесі қаралған. Комитет мүшелері жаңа партия құратынын мәлімдеген Әлтаевтың әрекеті "Нұр Отан" партиясының беделіне нұқсан келтіріп, саяси ұйымның мүддесіне зиян тигізді" деген қорытындыға келген. Осылайша оны партия құрамынан шығаруды мақұлдаған.

27 қарашада Нұржан Әлтаев парламентте "Нұр Отанға" балама пікір айта алатын "нағыз" оппозициялық партия жоғын айтып, "Ел тірегі" атты жаңа саяси партия құратынын мәлімдеген. Бірақ ол алдағы парламент сайлауына қатысу үшін құжат жинап үлгермейтінін айтқан.

Қазақстанда ресми тіркелген алты саяси партия бар. Қазір парламенттегі негізгі орынды бұрынғы президент Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы иеленіп отыр.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG