Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Ақордаға бармақ болған ата-аналарды арнайы жасақ бөгеді


Президентке баспана мәселесін айтып, хат тапсыруға келген бір топ ата-ананы Ақорда алдында арнайы жасақ бөгеді. Нұр-Сұлтан, 2 желтоқсан 2020
Президентке баспана мәселесін айтып, хат тапсыруға келген бір топ ата-ананы Ақорда алдында арнайы жасақ бөгеді. Нұр-Сұлтан, 2 желтоқсан 2020

2 желтоқсанда он шақты ата-ана президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат тапсыру үшін Ақорда маңына жиналды. Олар мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға мемлекет тарабынан тегін баспана беруді талап етті.

- Баспана кезегінде тұрғаныма 8-9 жыл болды. Қаншама бағдарламаға қатысып көрдік, ешқайсысына іліне алмадық. Өйткені, біз бала тәрбиелеп, үйде отырмыз. Жалақы жоқ. Сол себепті іліне алмаймыз. Мен сияқты ата-ана көп. Президент жан-айқайымызды естісе дейміз. Баспана кезегіне 14 мыңыншы болып тұрғанмын, қазір 7 434-орында тұрмын. Пәтер жалдау оңай емес. Күйеуім ғана істейді. Үш айлық баламды үйде қалдырып, келіп тұрмын, - дейді Гүлзада Құдайбергенова.

Ата-аналар наразылығын қолдауға келген азаматтық белсенді Болатбек Біләловтің айтуынша, осыған дейін әкімдік өкілдері наразы ата-аналарға "жалға үй береміз, бірақ ол үшін баспана кезегінен шығасыздар" деген шарт қойған. "Кеше ғана Петропавлда 150 адамды жалға алған баспанасынан қуды деп жатыр, ертеңгі күні бұларды да солай қуып жібермесіне кіп кепіл бола алады?" дейді белсенді.

Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов және наразы ата-аналар. Нұр-Сұлтан, 2 желтоқсан 2020 жыл.
Азаматтық белсенді Болатбек Біләлов және наразы ата-аналар. Нұр-Сұлтан, 2 желтоқсан 2020 жыл.

- Заң бойынша мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға тегін баспана берілуі тиіс. Бірақ ол заң баптары бізде істемейді. Әкімдікке барсақ, парламентке сілтейді. Парламенттің бізді қалай қарсы алғанын білесіздер. Конституция бойынша, азаматтардың құқықтарының орындалуына президент гарант болады. Сол гарантқа барып, осындай үнімізді жеткізгіміз келеді. Кеше бірнеше тал кесілген кезде президент мәселеге араласып, тоқтатты. Біз талды қорғауға қарсы емеспіз. Бірақ ең бірінші кезекте адам, адам құқығы болуы керек қой. Президент тал ғана емес, адамдарға оның ішінде, мүгедектерге, олардың балаларына көмектесуі керек деп санаймыз. Біз экстремист, террорист емеспіз. Заң бойынша талап-тілектерімізді жеткізуге құқымыз бар, - дейді Болатбек Біләлов.

Ақордаға беттеген ата-аналарды басында арнайы жасақ бөгеп, әрі қарай өткізбеді. Кейінірек 10 адамнан 5 кісі таңдалып, хатты тапсыру үшін қабылдау бөліміне қарай өтуіне рұқсат берді.

Наразы ата-аналар осыдан бір апта бұрын да парламент ғимаратына келіп, депутаттармен кездесуге тырысқан. Алайда ол күні Біләловті полиция таңертең үйінен ұстап әкетіп, парламент алдына жиналған наразы топты полиция бақылаған. Кейінірек олар парламенттің қабылдау бөлмесіне хат тапсыра алған.

Түс кезінде полициядан босап шыққан белсенді өзін осы наразылыққа барғызбас үшін ұстаған болуы мүмкін деп топшылаған. Ал полиция комментарий бермеген. Ол күні қала орталығында Нұрсұлтан Назарбаев қатысып жатқан "Нұр Отан" съезі де өтіп жатқан еді.

Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналар былтырдан бері баспана мәселесін шешуді талап етіп келеді. Биыл жаз айларында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында түнеген әйелдерді полиция ұстап әкеткен.

Қарай отырыңыз: Парламентке барған бір топ әйел тегін баспана талап етті. Оларға депутаттар шықпады (25 қараша 2020 жыл).

Парламентке барған бір топ әйел тегін баспана талап етті. Оларға депутаттар шықпады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:59 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG