Accessibility links

Әблязов енді "Ақ жолды" қолдауға шақырды. Перуашев партияға адам қабылдауды уақытша тоқтатты


Мұхтар Әблязов.

Қуғында жүрген бұрынғы банкир, Ақорда сыншысы Мұхтар Әблязов ЖСДП сайлауға бойкот жариялағаннан кейін жақтастарын "Ақ жол" партиясын қолдауға шақырды. Ал өздерін парламенттегі "оппозиция" атайтын "Ақ жол" партияға мүше қабылдауды уақытша тоқтатты.

Осыған дейін жақтастарын "Нұр Отаннан" басқа партияны қолдауға шақырған Әблязов "10 қаңтарда өтетін сайлауда жаппай заңсыздықты әшкерелейміз, сайлау нәтижесін жарамсыз етуге қол жеткіземіз" деп мәлімдеген еді.

"Не үшін Ақжол? Себебі, оның аймақтарда бөлімшелері бар, адамдары, ғимараты бар. Біз ЖСДП-ны қолдауға шақырған кезде бөлімше жетекшілері жан-жаққа бытырай қашып, тығылып, тек Алматы мен астанадағы бөлімшелерін ғана таба алдық. Көп адам өтініштерін қайда өткізерін білмеді" деді Мұхтар Әблязов 1 желтоқсан күнгі тікелей эфир кезінде.

"Біз нені көздеп отырмыз? "Нұр Отан" партиясы айтарлықтай көп дауыстан айырылып, басқа партияларға көп дауыс берілсе деп отырмыз. Соның нәтижесінде орталық сайлау комиссиясы, сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін мұғалімдер тұтас фальсификациямен айналыса бастайды. Ал біз оларды әшкерелеп, анықтап, сайлау нәтижесінің мойындалмауына қол жеткіземіз. Соның салдарынан жаппай наразылық туындайды. Көшеге көп адамды алып шығамыз" деді Әблязов.

Әблязов мәлімдемесінен кейін "Ақ жол" партиясының адам қабылдауды екі айға тоқтатқаны белгілі болды. Партия басшысы Азат Перуашев Азаттыққа жауап беруден бас тартты.

"Ақ жол" мүшесі, мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Азаттық тілшісіне "ертеңгі күні Әблязов партия мүшелерін біз толтырдық" деп айтпас үшін партияға мүше қабылдауды екі айға тоқтаттық" деп мәлімдеді.

Осыған дейін жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Әблязовтың үндеуін "арандату әрекеті" деп атап, бұл "партияның ресми тіркеуден айырылуына соқтыруы мүмкін" деп қауіптенген. Оның сөзіне қарағанда қуғындағы саясаткер мәлімдемесінен кейін "партияға небәрі ондаған адам қосылуға өтініш білдірген".

Ал Әблязов Рахымжанов басқаратын ЖСДП "билік бұйрығымен" сайлауға қатысудан бас тартты деп айтқан.

Қазір Францияда тұрып жатқан және сол елден саяси баспана алған 57 жастағы Мұхтар Әблязов "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын құрған және Қазақстан тұрғындарын интернет арқылы билікке қарсы митингілерге жиі шақырып келеді. Қазақстан соты оның қозғалысын "экстремистік" деп тапқанмен Еуропарламент "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп сипаттаған.

Елде 10 қаңтарда мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді.

Қазір Қазақстанда алты саяси партия тіркелген. Оның үшеуі парламентке өткен. Олардың қатарында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын "Нұр Отан" партиясы (қазіргі мәжілісте 107 мандаттың 84-іне ие) және билікшіл делінетін "Ақ жол", ҚКХП (екеуіне де жеті мандаттан берілген) бар. Қазіргі мәжілістің өкілеті 2021 жылы аяқталады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйесі демократия ережелеріне сай емесін айтып жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте бірде-бір шынайы оппозициялық саяси күш жоқ деп санайды және шынайы оппозициялық партиялардың ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Қарай отырыңыз: ЖСДП Әблязовті, Әблязов ЖСДП-ны айыптады (27 қараша 2020 жыл).

ЖСДП Әблязовті, Әблязов ЖСДП-ны айыптады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:00 0:00

Халықаралық бақылаушылар Қазақстанда осыған дейін өткен сайлаудың барлығын әділ өтпеді деп бағалаған. Сайлау кезінде дауыс ұрлау, оппозиция кандидаттарына қысым жасау, ақпарат құралдарының жұмысына кедергі келтіру сияқты фактілер болғанын жиі айтады.

  • 16x9 Image

    Өркен ЖОЯМЕРГЕН

    Өркен Жоямерген 2006 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің бакалаврын, 2008 жылы магистратурасын тәмамдаған. Қызмет жолын "Алматы Ақшамы" газетінен бастаған. Алматы және Астана қалаларындағы бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істеген. Қазір Азаттық Радиосы Астана бюросының жетекшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG