Accessibility links

Сапарбаев Қордайдағы қақтығысты контрабандамен "байланыстырмайды"


Қазақтар мен дүнгендер жанжалы болған Қордай ауданында жүрген арнайы жасақ. 2020 жылдың ақпаны.
Қазақтар мен дүнгендер жанжалы болған Қордай ауданында жүрген арнайы жасақ. 2020 жылдың ақпаны.

2 желтоқсанда өткен брифингте журналистер Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан көрші елдерден келетін контрабандада "этникалық сипат" бар-жоғын сұрады.

Биыл ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданындағы қазақтар мен дүнгендер арасындағы этникалық жанжалдан кейін қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаев "дүнген диаспорасы Қырғызстан мен Қытай арасындағы контрабандалық саудаға қатысы бар" деген еді.

Сапарбаев журналистер сұрағына жауап бергенде "қылмысты ұлтқа бөлуге болмайды" деп атап өтті.

– Қылмысты ұлтына қарап бөлмеуіміз керек. Қылмыс жасаған [адам] – қылмыскер. Қазақ бола ма, дүнген бола ма, басқа бола ма жауап беруі керек. Енді бала болған соң бір-бірімен келіспей, төбелесіп қалады. Кейін бірден ұлтына қарайды. Олар бала болған соң [төбелеседі], кейін бір сағаттан соң татуласып, бірге ойнады. Сондықтан біз осындай кішкентай мәселелерді қазақ пен дүнген төбелесіп қалды деп ұлттық қарым-қатынас есептемеуіміз керек, - деді Сапарбаев.

Әкім контрабанда мен есірткіге қатысты қылмыстарда басқа ұлт өкілдері бар ма деген "сауалды дұрыс емес" деп санайды.

- Әрине, қылмыс бар. Қырғызстаннан келіп жатқан контрабанда бар. Ол жөнінде құқық қорғау органдары, қауіпсіздік департаментінің қызметкерлері талай адамдарды ұстады, талай қылмыстық іс қозғалды, біраз адам сотталды. Ол жұмыс әрі қарай жалғасын табады. Бірақ жаңа айтып кеттім ғой, оны ұлтына бөлуге болмайды, - деді ол.

Сапарбаев қазір Қордай тыныш екенін, "бүлінген ғимараттар қалпына келтірілгенін" айтты.

- Бірде-бір дүнген Ресейге не басқа елге көшкен жоқ, - деді әкім.

Биыл 7 ақпанда түнде Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасында қақтығыс болған. Оқиға кезінде 11 адам қаза тапқан. Жанжалдан соң 120-дан астам қылмыстық іс қозғалып, 60 адамға айып тағылған.

Прокуратураның мәліметінше, Қордайдағы ұлтаралық жанжал кезінде 164 үй мен сауда орны, 100 көлік қираған. 342 адам жәбірленуші деп танылған. 400-ден астам экспертиза жүргізіліп, мың жарымнан астам адам сұралған.

Қордайдағы жанжал кезінде негізінен этникалық дүнгендер тұратын Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдары көп зардап шеккен.

29 қыркүйекте Алматы горнизонының соты айыпталған жеті адамға үкім шығарған. Төрт адам "жаппай төбелеске қатысты" деп үш және төрт жылға, тағы үш адам "жаппай төбелеске қатысты" және "ұрлық жасады" деп бес, жеті және сегіз жылға сотталған.

19 қарашада апелляциялық сот жеті айыпталушының төртеуінің үкімін өзгертіп, түрме жазасын бас бостандығын шектеу жазасына ауыстырды.

Түнгі ойран. Қордайдағы жанжалдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:24 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG