Accessibility links

ЕО елшілері Магнитский тәсілі бойынша санкция салу механизмін мақұлдады


Сергей Магнитскийді еске алу шарасы. Мәскеу, сәуір айы 2013 жыл.
Сергей Магнитскийді еске алу шарасы. Мәскеу, сәуір айы 2013 жыл.

Еуроодақтың тұрақты өкілдер комитеті халықаралық дәрежеде адам құқығын бұзғандарға шектеу қоюға мүмкіндік беретін санкция механизмін мақұлдады.

Одаққа мүше 27 елдің сыртқы істер министрлері алдағы дүйсенбіде шешімге мөр басып, қағаз жүзінде бекітеді. Жаңа механизм әлемде Адам құқығы атап өтілетін күн - 10 желтоқсанда күшіне енеді. Бұл ақпаратты Азат Еуропа/Азаттық радиосының Еуропадағы шолушысы Рикард Йозвяк хабарлады.

Мәселемен жақсы таныс Еуроодақтың бірқатар ресми тұлғаларының айтуынша, әзірге нақты бір жеке немесе заңды тұлғаларға санкция салу мәселесі қарастырылып отырған жоқ. Бірақ келесі жылдың қаңтар айынан бастап осы механизм негізінде тізім жасалуы мүмкін.

Санкция қаржы активтерін бұғаттау мен виза беруге тыйым салуды қарастырады.

Азат Еуропа/Азаттық шолушысының хабарлауынша, аталған механизм бойынша санкция геноцид, адамзатқа қарсы қылмыс жасау, азаптау, адамдыққа жатпайтын қатігездік, құлдық, сотсыз жазалау, адам ұрлау, негізсіз қылмыстық қудалауға жауапты деп танылған тұлғалар мен ұйымдарға салынады.

Бұған қоса, адам саудасымен айналысу, жыныстық зорлық-зомбылық, жиналу еркіндігін бұзу, жиналып, пікірін ашық айту, діни бостандыққа нұқсан келтіру сияқты қылмыстарды жүйелі түрде қайталаған адамдар мен ұйымдар санкцияға ілінуі мүмкін.

Санкция механизмі 2012 жылы АҚШ қабылдаған Магнитский актісіне ұқсас. Бастапқыда актінің тек ресейлік шенеуніктерге ғана қатысы болған, кейінірек өзге елдер де осыған ұқсас құжаттар қабылдады.

"Магнитский актісі" 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне осылай аталып кеткен. Магнитский Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. Ресми дерек бойынша, Магнитский тергеу изоляторында жүрек ауруынан қайтыс болған. Құқық қорғаушылар тергеу изоляторы қасақана түрде Магнитскийдің емделуіне мүмкіндік бермеді деп санайды және оның өлімінің шынайы себебін жасырды деп кінәлайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG