Accessibility links

Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға қалған Қожамқұлов "Адал" партиясынан кетті (Видео)


Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға ілінген Қожамқұлов сайлаудан "бас тартты"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Ақынның 28 млн теңгелік кешінен соң дауға ілінген Қожамқұлов сайлаудан "бас тартты"

Қараша айында ақын Мақпал Мысаның 28 млн теңгелік кешіне байланысты қоғамда дау туындаған шақта есімі аталған ARDA production компаниясының жетекшісі Мұрат Қожамқұлов "Адал" партиясының кандидаттар тізімінен алынып, партиядан кетті. Бұл ақпаратты Азаттық тілшісіне партияның аппарат басшысы Бауыржан Оразғалиев айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қожамқұлов тізімнен шығу және партиядан кету туралы шешімді "өз еркімен" қабылдаған.

- Бізде партиялық этика деген комитет бар. Ол кісінің жеке компаниясы арасындағы мәселелерді ... ашық қарадық. Бірақ ол кісінің өзі "менің жеке іскерлік әрекеттерім партияға көлеңке түсірмесін" деп [кандидаттықтан және саяси кеңес мүшелігінен] бас тартты. Бұл ол кісінің азаматтық позициясы, - деді партия өкілі.

Оның айтуынша, қазір "Адал" партиясының астаналық филиалының төрағасын атқару міндеті басқа адамға жүктелген. Партия өкілі Қожамқұловтың "уақытша" кеткенін де атап өтті.

Азаттық тілшісі Мұрат Қожамқұловқа хабарласқанмен әзірге жауап ала алмады.

"Адал" партиясының мәжіліске депутат ретінде ұсынған кандидаттар тізіміне енген Мұрат Қожамқұлов есімі қараша айының ортасында ақын Мақпал Мысаның кешін өткізу үшін бюджеттен 28 миллион теңге бөлінгені анықталып, қоғамда дау туындаған шақта атала бастаған еді. Қожамқұлов басқаратын "Арда" компаниясы биыл ақпан айында астанада өткен кешке байланысты Нұр-Сұлтан қалалық мәдениет басқармасынан 28 миллион теңгеге тапсырыс алған. Бұл тендер жайлы зерттеу жариялаған Zertteu Research Institute-ның мәліметінше, іс-шара ақпан айында өткенмен келісім-шарт сәуір айында жасалған.

19 қарашада партияның съезі кезінде осы даулы кешке байланысты Азаттық сұрағына жауап берген Қожамқұлов "Барлық құжаттар әкімшілікте. Құпия ештеңе жоқ. Ішіп-жеп, қашып кеткен ешкім жоқ" деп жауап берген еді.

Қарай отырыңыз: Ақын Мақпал Мысаның 28 млн теңгеге өткен кеші дау тудырды. Жағдайдың жай-жапсары (19 қараша 2020 жыл).

Ақын Мақпал Мысаның 28 млн теңгеге өткен кеші дау тудырды. Жағдайдың жай-жапсары
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:30 0:00

Сол күні "Адал" партиясы мәжіліс депутаттығына кандидат ретінде бекіткен 20 адамның қазір тізімде 16-сы ғана қалған. Партия өкілдерінің айтуынша, "кейбірі - отбасылық, жеке мәселелермен, кейбірі мәжіліс пен мәслихатқа кандидат ретінде қатар ұсынылғандықтан мәслихатқа басымдық беріп тізімнен шыққан".

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) және мәслихат сайлауы 10 қаңтарда өтеді. Сайлау туралы заңнамаға сәйкес, парламенттің төменгі палатасы мен мәслихаттарға партиялар ұсынған кандидаттар ғана сайлана алады. Заңға 2018 жылы енгізілген өзгерістерге сәйкес, өзін-өзі ұсынған азаматтар сайлауға қатыса алмайды.

Көптеген саяси сарапшылар биліктің тәуелсіз белсенділердің партияны тіркеу туралы өтінішін қабылдамай, олардың саяси додаға қатысуына мүмкіндік бермей отырғанын айтып сынайды. Қазақстанда былтырдан бері билікке сын айтып, саяси реформа талап етіп жүрген бірнеше бастамашыл топ пен саяси ұйымдар партия болып тіркеліп, парламент сайлауына қатысуды жоспарлаған. Бірақ олар түрлі себеппен сайлауға дейін тіркеле алмады.

"Адал" - елде ресми түрде тіркелген алты партияның бірі. 2013 жылы "Бірлік" ретінде тіркелген партия қараша айының басында атауын өзгертіп, "Адал" болған. "Ребрендинг" жасауының себебін түсіндірген саяси ұйым өкілдері "әділдікті талап етушілер көбейді" деген еді.

Елде мәжіліске кандидаттар ұсыну кезеңі 10 қарашада басталып, 30 қарашаға дейін созылған. Ал мәслихатқа үміткер ұсыну кезеңі 4 желтоқсанда аяқталады.

  • 16x9 Image

    Нұргүл ТАПАЕВА

    Нұргүл Тапаева 2012 жылы Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 2008 жылдан бастап қалалық, облыстық, республикалық телеарналарда журналист, редактор болып жұмыс істеген. 2016 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG