Accessibility links

Молдова парламенті орыс тілінің мәртебесі туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады


Молдова парламентінің сыртын бақылап тұрған арнайы жасақ. Кишинев, 3 желтоқсан 2020 жыл.
Молдова парламентінің сыртын бақылап тұрған арнайы жасақ. Кишинев, 3 желтоқсан 2020 жыл.

Молдова парламенті орыс тілінің қолдану аясын кеңейтіп, ресми мәртебе беруді қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұған қоса, Ресей арналарын трансляция жасауға мүмкіндік беретін түзетулерді қабылдады.

Орыс тіліне ресми мәртебе берілсе, мемлекеттік қызметкерлер тұрғындар сауалына орыс тілінде жауап беріп, ақпарат береді. Бейсенбі күні қабылданған түзетулер сонымен бірге дәрі-дәрмек нұсқаулықтарын орыс тіліне аударуды міндеттейді.

Заң жобасы социалистер партиясы атынан сайланған қазіргі президент Игорь Додон бастамасымен әзірленген. 101 депутаттың 51-і оған қолдап дауыс берген. Жобаға парламенттегі оппозиция мен жаңадан сайланған президент Майя Санду қарсы шыққан.

Қараша айында Молдовада президент сайлауы өтіп, Санду жеңіске жеткен еді. Сайлаудың екінші кезеңінің нәтижесі бойынша, Сандуға сайлаушылардың 57,7 пайызы дауыс берген. Ал Додон 42 пайыз дауыс алған. Оның өкілеті 23 желтоқсанда аяқталады.

Бейсенбі күні Молдова депутаттары сонымен бірге арнайы қызметті бақылауды парламентке жүктейтін заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Санду жақтастары шешіммен келіспейді және оны "билікті басып алу талпынысы" деп атады. Заң жобасына қарсылар осыған дейін Кишинев орталығындағы көшелерді жауып, наразылық білдірген.

Жақтастарын жексенбі күні наразылыққа шығуға шақырған Санду "халыққа қарсы шыққан парламент құлатылуы тиіс" деді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG