Accessibility links

Ақтөбеде ұсталған мәслихат депутаты Аркадий Ни "Нұр Отаннан" шығарылды


Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған шара кезінде допқа қол қойып жатқан сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев және федерацияның Ақтөбе бөлімшесінің жетекшісі Аркадий Ни (ортада). 2018 жыл.
Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастырған шара кезінде допқа қол қойып жатқан сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев және федерацияның Ақтөбе бөлімшесінің жетекшісі Аркадий Ни (ортада). 2018 жыл.

Ақтөбеде облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Аркадий Ни күдікке ілініп, ұсталғаннан кейін "Нұр Отан" партиясы қатарынан шығарылды. Бұл ақпаратты партияның Ақтөбе облыстық бөлімшесі хабарлады.

"Нұр Отан" таратқан мәліметке қарағанда, Аркадий Ни "заңға қайшы әрекет жасаған". Бірақ партияның Ақтөбедегі бөлімшесі Ниге нақты қандай айып тағылып отырғанын айтпады. Жергілікті полиция да, прокуратура да Аркадий Ниге қандай айып тағылғанын жария етпей отыр.

Аркадий Нидің ұсталғанын алғашқылардың бірі болып бір күн бұрын Телеграмдағы "шенеунік.кз" арнасы хабарлаған. Телеграм-арнаның мәліметінше, Ни Қылмыстық кодекстің 122-бабы ("Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау") бойынша күдікке ілініп отыр. Оны полиция 5 желтоқсанда Ақтөбе әуежайында ұстаған. Онда Нидің айыптарды толық жоққа шығарғаны жазылған. Алайда ресми орындар бұл ақпаратты әзірге растамады.

Телеграм-арна жазбасында Аркадий Нидің бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев пен "Верный капитал" компаниялар тобының акционері Болат Өтемұратовпен бірге түскен суретін де жариялаған. Аркадий Ни - Болат Өтемұратов басқаратын Қазақстан теннис федерасының Ақтөбе облысы бөлімшесінің жетекшісі.

Кәсіпкер Аркадий Ни "Нұр Отанның" қатарына 2011 жылы қабылданған. Облыстық мәслихат депутатын партия қатарынан шығару туралы шешім 7 желтоқсан күні қабылданған.

Ақтөбе облысы мәслихатының сайтындағы ақпарат бойынша, Аркадий Ни 1961 жылы Бішкекте туған. Орта мектепті Қазақстанда бітірген. Осында инженер-механик мамандығын игерген. 1988-2006 жылдары Қазақстанда түрлі коммерциялық мекемелерде істеген. 2006 жылдан бері Ақтөбедегі "РОКОС" компаниялар тобының бас директоры. Ақтөбе облысы мәслихатының 5-6 шақырылым депутаты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG