Accessibility links

Ереванда Пашинян отставкасын талап еткен оппозиция жақтастары көшелерді жапты


Никол Пашинянның отставкасын талап етушілердің бірін ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Ереван, 8 желтоқсан 2020 жыл.
Никол Пашинянның отставкасын талап етушілердің бірін ұстап жатқан полиция қызметкерлері. Ереван, 8 желтоқсан 2020 жыл.

8 желтоқсанда Ереванда премьер-министр Никол Пашинянның отставкасын талап еткен оппозиция жақтастары көшелерді жауып, жол қозғалысын тоқтатты. Олар премьер-министрді қызметінен кетіру үшін "азаматтық бағынбау" кампаниясын бастағанын хабарлады.

Өткен айдың басында Армения Таулы Қарабақтағы қақтығысқа байланысты Әзербайжанмен келісім жасасып, Таулы Қарабақтағы 7 ауданды қайтарған. Келісім шартқа наразылар содан бері Пашинян отставкасын талап етіп келеді. Бірнеше күн бұрын 16 оппозициялық партия Пашинянға 8 желтоқсан күндізгі сағат 12-ге дейін қызметінен кетуге уақыт берген еді. Премьер-министр талапты орындамаған соң оппозиция наразылығы күшейген.

Сейсенбі күні “Никол, сатқын”, “Николсыз Армения” деп айқайлаған демонстранттар Ереван көшелері мен метро жолдарын жапты. Полиция наразыларды ұстады. Наразылық Арменияның Гюмри, Ванадзор секілді тағы да басқа қалаларында да өткен.

"Никол Пашинян отставкаға кетпеді. Сондықтан Армения азаматтарының бейбіт түрде азаматтық мойынсұнбау кампаниясын өткізіп, талап қоюға құқықтары бар" деді 16 партиядан құралатын "Отанды құтқару майданы" қозғалысының мүшесі Ишхан Сагателян.

Ол қауіпсіздік күштерін Пашинян бұйрықтарын орындамауға және халыққа қарсы күш қолданбауға шақырған.

  • Таулы Қарабақта 1990 жылдары басталған шиеленіс биыл қыркүйектің соңында қайта өршіді. Баку мен Ереван жағдайды ушықтырды деп бірін-бірі айыптады. Әзербайжан әскерінің Қарабақтағы бірнеше ауданға кірген соң, 9 қарашада Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі соғыс қимылдарын тоқтату туралы ортақ мәлімдеме жасады. Келісім бойынша Әзербайжан мен Армения күштері сол сәттегі позицияларында қалып, аймаққа Ресейдің бітімгер күштері кіргізілді. Таулы Қарабақты қоршай орналасқан 7 аудан Әзербайжанға қайтарылып, Арменияға Қарабақпен жалғастыратын ені 5 км көлік дәлізі берілді. Келісім бойынша Армения да Әзербайжанды Нахичеван автономиялы республикасымен жалғайтын ені 5 км көлік дәлізін беруі тиіс. Екі дәлізді де Ресей бітімгер күштері бақылайды.
  • Келісімнен соң Армения оппозициясы Пашинянның отставкаға кетуін талап етті. 16 оппозициялық партия премьер-министр қызметіне Армения үкіметін 1990-1991 жылдары басқарған Вазген Манукянды ұсынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG