Accessibility links

Қырғыз парламенті даулы Конституция жобасын референдумға шығаруды қолдады


Парламент ғимараты алдында жаңа Конституция жобасына наразылық танытып тұрған белсенділер. Бішкек, 9 желтоқсан 2020 жыл.
Парламент ғимараты алдында жаңа Конституция жобасына наразылық танытып тұрған белсенділер. Бішкек, 9 желтоқсан 2020 жыл.

9 желтоқсанда қырғыз парламенті елдің басқару жүйесіне қатысты жаңа конституциялық өзгерістерді референдумға шығаруға мүмкіндік беретін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Сәрсенбі күнгі талқылау кезінде жобаны Жогорку кеңеш депутаттарының басым бөлігі қолдап, бірнеше депутат қарсы дауыс берген. Қарсылардың бірі оппозициядағы "Ата-Мекен" партиясының жетекшісі Өмірбек Текебаев жобадағы "қайшылықтар мен қателіктер болашақта хаос туғызуы мүмкін" деп санайды.

Жогорку кеңеш жобаны талқылағанда парламент ғимаратының алдында белсенділер наразылыққа шықты.

Жаңа Конституция жобасы Сооронбай Жээнбеков кеткеннен кейін президент және премьер-министр міндетін атқаруға кіріскен Садыр Жапаров бастамасымен әзірленген. Жобаға қарсылар "жаңа билік Конституцияны өзгертіп, билікті бір адамның қолына жинағасы келеді" деп қауіптенеді. Президент сайлауына қатысу үшін қараша айының ортасында президент және премьер-министр міндетін атқарудан бас тартқан Жапаров мұндай болжамдарды теріске шығарып, жобаны референдумға шығаруды ұсынған.

Қазіргі Конституция бойынша, атқарушы билік президент пен парламент таңдаған премьер-министр арасында бөлінеді. Ал даулы жоба президент құзыретін күшейтіп, үкімет пен парламентті бақылайтын Халық құрылтайы атты жаңа орган құруды ұсынады. Жобада президенттің мемлекет басшысы екені және оның атқарушы билікке жетекшілік ететіні, бес жылдық екі мерзімге сайлана алатыны жазылған. Ал парламент депутаттарының саны 120-дан 90-ға дейін қысқарады.

Осыған дейін жобаға байланысты Бішкекте бірнеше рет наразылық шеруі өткен. 9 желтоқсанда президент сайлауына қатысатынын мәлімдеген бірнеше саясаткер орталық сайлау комиссиясынан Жапаровты кандидат ретінде тіркемеуді сұрады. Олардың сөзінше, Жапаров қызметінен кетсе де, президент міндетін атқарған қысқа уақыт аралығында негізгі органдарға (ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы, бас прокурор ) өз жақтастарын тағайындап үлгерген.

Ал орталық сайлау комиссиясы 9 желтоқсанда президент сайлауына қатысу үшін тіркелген 19 адамға ресми түрде кандидат статусы берілгенін мәлімдеді. Арасында Садыр Жапаров та бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG