Accessibility links

Жезқазғанда 300-ге тарта жұмысшы ереуілге шықты


Ереуілге шыққан жұмысшылар туралы видеодан алынған скриншот.
Ереуілге шыққан жұмысшылар туралы видеодан алынған скриншот.

"Қазақмыс" корпорациясына еншілес Tranco Zhezkazgan темір жол компаниясының жұмысшылары жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шықты. Шамамен 300 жұмысшы жұма күні таңертең Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы кәсіпорын кеңсесінің алдына жиналды. Олардың кейбірі жұмыс орнында болғанмен жұмысын тоқтатқан. Кен және компанияның дайын өнімдерін тасымалдаумен айналысатын жұмысшылар әкімдік пен жұмыс берушіге жіберген шағымдарынан нәтиже шықпағанын айтып, ереуілге шығуға мәжбүр болып отырғанын жеткізді.

— Бұл біздің жан айқайымыз! Бейбіт митингіге шығып, плакатсыз талаптарымызды айтып жатырмыз. Жарты жыл бұрын әкімге жат жазған едік. Мәселені шешеміз деп уәде берді. ["Қазақмыс" корпорациясының басшысы Эдуард] Огайға да талаптарымызды жеткізгенбіз. Ол кезде талаптарымызды айтып жүрген өкіл болатын. Бірақ оны кейін жұмыстан шығарып тастады, ал қалған адамдардың аузын жапты. Нарық дамып жатыр, бәрі қымбаттап кетті, тек жалақымыз ғана өспеді. Айта бастасаң - қудалай бастайды. Мысалы, мені екі күннен бері қудалап жатыр: дұрыс жұмыс істеткізбейді, қайта-қайта тексере береді, кез келген ұсақ-түйек нәрсе үшін үстімнен шағым жазады, мені жұмыстан шығарайын деп отырған сияқты, — дейді кәсіпорын жұмысшысы Аурика Балымова.

Видео: Жезқазғандағы Tranco Zhezkazgan жұмысшылары айлықты көбейтуді талап етті (11 желтоқсан 2020 жыл).

Жезқазғандағы Tranco Zhezkazgan жұмысшылары айлықты көбейтуді талап етті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:25 0:00

Жұмысшылар жалақымен қатар ауырған күндері және қосымша істеген күндері толық өтемақы төлеуді, вахталық әдіспен жұмыс істеу ақысын көбейту, темір жол жағдайын жақсарту қажеттігін айтқан белсенді қызметкерлерді қудаламауды талап етіп отыр.

— Рельстер мен шпалдар тозып кеткен, жол нашар болғандықтан вагондар рельстен жиі шығып кетеді. Одан кейін соның шығынын біздің мойнымызға іледі, тепловоздардың жағдайы да оңып тұрған жоқ. Бізге берілетін дизель мөлшерін де азайтып тастады. Енді жанар-жағармай жетпей, қалтамыздан төлеп жатырмыз. Жалақы аз, сол үшін тіпті балам да балабақшаға бармайтын болды, себебі төлейтін ақша жоқ, - деді аты-жөнін толық атағысы келмеген Артур есімді жұмысшы.

Жұмысқа шығудан бас тартқан жүздеген адам далада жүр. Бірнеше жұмысшы кәсіпорын ғимаратына кіруге тырысқан. Оқиға орнына Жезқазған әкімі келді.

Мәселені "еңбек дауы" деп атаған Жезқазған әкімдігі өкілдері кәсіпорын ішінде жұмысшылармен кездесудің "қалыпты" өтіп жатқанын айтты.

— Жезқазған әкімі жұмысшылармен кездесіп, оларға 13-жалақы төленетінін және жалақылары қайта есептелетінін айтты. Қосымша мәселелерді анықтау үшін "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ның бас директорымен кездесу өтеді, — деді Жезқазған әкімдігінің баспасөз қызметі.

Азаттық тілшісі Tranco Zhezkazgan және "Қазақмыс" басшылығынан жауап ала алмады.

Tranco Zhezkazgan компаниясында мыңнан астам адам жұмыс істейді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG