Accessibility links

Құқық қорғаушылар Армения мен Әзербайжанды Таулы Қарабақтағы әскери қылмысты зерттеуге шақырды


Жараланған армян сарбазы. Ереван, 8 желтоқсан 2020 жыл.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Әзербайжан мен Арменияны Таулы Қарабақта алты аптаға созылған соғыс кезіндегі әскери қылмыстарды зерттеуге шақырды.

Штаб-пәтері Лондонда шоғырланған Amnesty International ұйымы 10 желтоқсанда жариялаған мәлімдемесінде "сотсыз дарға асу, тұтқындарға қатыгездік көрсету, қарсылас жақ солдаттарының мәйітін қорлау" сияқты көріністер бейнеленген 22 видеоны сараптағанын жазады. Кейбір жазбаларға тоқталып, мысал келтіреді.

"Видеодағы азғындық пен адамдыққа жатпайтын қатыгез әрекеттер "құрбанды" барынша ауыр жазалау және қорлау ниеті барын көрсетеді. Мұның бәрі халықаралық құқықты айқын таптау. Әзербайжан мен Армения билігі тез арада тәуелсіз зерттеу жүргізіп, осы қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауы тиіс" деді Amnesty International ұйымының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша зерттеу бөлімінің директоры Денис Кривошеев.

Халықаралық гуманитарлық құқық кез келген тұтқынға күш қолдануға, мәйітті қорлауға, насихаттау мақсатында адамдардың мойындауын видеоға түсіруге қатаң тыйым салады.

Бір ай бұрын Ресей, Әзербайжан президенттері және Армения премьер-министрі Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы ортақ мәлімдеме жасады. Қыркүйек айының соңында басталып, қараша басында тоқтаған соғыста 5 мыңнан астам адам қаза болған, арасында бейбіт тұрғындар да бар. Қақтығыс кезінде тараптар бір-бірін халықаралық құқықты бұзды деп айыптады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG